Қазақстанның ЕО-мен дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды
Биыл Қазақстанның Еуропалық Одақпен дипломатиялық қарым-қатынасына 30 жыл толды.
Осыған орай еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Еурокомиссия және Еуропарламент өкілдерімен кездесті. Басқосуда екіжақты ынтымақтастық пен Еурокеңес президенті Шарль Мишельдің былтырғы сапары кезіндегі келісімдер талқыланды. Биыл Еурокомиссия басшысы Урсула Фон дер Ляйен елімізге сапармен келеді. Кездесуде шикізат және жасыл сутегі саласындағы стратегиялық әріптестік туралы меморандумды жүзеге асыру жолдарын қарастыру көзделіп отыр.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Біз Еуропалық Одаққа энергоресурстарды тасымалдайтын маңызды ел болып саналамыз. Қазақстан Еуропа нарығына 8-9 пайыз мұнай жеткізеді. Жасыл сутегі сияқты жаңа баламалы энергия ресурстарына көп көңіл бөлу көзделіп отыр. Сонымен қатар Еуропалық Одақпен Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы байланысты нығайту үшін орта көлік дәлізін дамытуды тақыламақшымыз.
Тараптар халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмасты. Олардың қатарында Украинадағы ахуал мен оның еліміздің экономикасына кері салдарларын бәсеңдету бар. Еуропалық саясаткерлер Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.
Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Еуропалық Одақ президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ Қазақстан құруға бағытталған реформаларға қолдауын білдіріп отыр. Еуропалық әріптестер Мәжіліс пен мәслихаттардың мерзімнен тыс сайлауларына да үлкен қызығушылық танытуда. Бұл шаралардың саяси партиялар арасындағы бәсекелестіктің артуымен тартысты өтетініне сенімді. Оларды бақылауға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен бірге 10 құрылым өкілдері келеді.