Түркияда апаттан қаза тапқандардың саны артуда
Түркияда апаттан қаза тапқандардың саны артуда. Ел президенті Режеп Тайип Ердоғанның мәліметінше, опат болғандар саны 3500-ден асты.
Тағы 22 188-і жарақат алған. Үйінді астында қалғандардың саны белгісіз.
Түркияның 10 провинциясы апаттық аймақ деп жарияланып, 3 айға төтенше жағдайлар режимі енгізілді. Бұл туралы ел президенті Режеп Тайип Ердоған мәлімдеді. Айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі жойқын апаттың бірі. Бұған дейін Ішкі істер министрлігі зілзаладан кейін аймақта төртінші деңгейлі дабыл берілген.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:
- Өкінішке қарай, қаза болғандар мен жараланғандар саны артып келеді. Біздің жұбанышымыз, 8 мыңнан астам азаматымыз аман қалды. Қайтыс болған азаматтарымызға Алланың рақымын тілеймін. Зілзаладан зардап шеккен провинцияларда 3 айға созылатын төтенше жағдай енгіздік.
Ел ішінде және шетелде апаттық аймақтарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек компаниялары басталды. Әр жерде халық жылы төсек, киім- кешек пен азық- түлік секілді қажет-жарақтарды жинақтап жатыр. Біздің отандастарымыз да бұл игі істе қалыс қалған жоқ. Түркияда білім алып жатқан қазақ жастары да құтқару жұмыстарына атсалысуда. Солардың қатарында Ыстамбұлдағы «Бірлік жастар бірлестігі» бар. Бас консулдығымыздың қолдауымен жастар, таныс, дос-жарандарына айтып жылу жинап жүр.
Дидар Оқас, "Бірлік" жастар бірлестігі мүшесі:
- Көп түкірсе көл демекші, Түркия халқының басына түскен сын сағатында Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қол қусырып жата алмадым. Аға- әпке, бауырларымыздың бастауымен, Бас консулдығымыздың қолдауымен ұйымдастырылған іс шараға материалдық болмаса да рухани көмекті борышымыз деп білеміз.
Тап қазір аймақта 63 мыңнан астам кісі іздестіру-құтқару жұмыстарына жұмылдырылған. 70 мемлекеттен бөлек гуманитарлық көмекті 14 халықаралық ұйым ұсынған. Қазақстандық құтқарушылар да Газиантеп провинциясында іздестіру жұмыстарына кірісті.