АҚШ-та бизнес ғылымды коммерциялауға мүдделі

Мемлекет, ғылым және бизнес өзара ықпалдасып жұмыс істегенде ғана ғылымды коммерциялау дұрыс бағытта дамиды. Жаңа технологиясымен әлемде оқ бойы озық тұрған АҚШ-тың өркендеу жолы осындай. Онда ғылыми жобаларды коммерциялау 50-ші жылдардан бастау алған. Бастапқыда көптеген технологияларды үкімет қаржыландырды. Кейін жобаларды экономикаға енгізу үшін қажетті заңнама бекіп, құқықтық жүйе қалыптастырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақ-Британ техникалық университетінің қызметкері Олжас Кенжалиев – «Қазақстандағы коммерциялау факторы» тақырыбында диссертация жазып жүрген зерттеуші. Қазір Джордж Вашингтон университетінде тағылымдамадан өтіп жатыр. 2014 жылдан бері коммерциялау саласында жұмыс істеген. Ғылым қоры, дүниежүзілік банк қаржыландырған жобаларға қатысқан білікті маман. Оған АҚШ-тың осы бағыттағы жұмысы қызық. Сондықтан алпауыт елдің мол тәжірибесін жан-жақты оқып-тоқыды. Айтуынша, ғылымды коммерциялауда мемлекет үлесі – 20%. 

Олжас Кенжалиев, Дж. Вашингтон универсиетінде тағылымдамадан өтуші:

- АҚШ қазір 700 млрд доллар бөліп жатыр, оның 150 млрд-ы – тек мемлекеттік қаржыландыру. Ал қалғаны бизнестен. Ал Қазақстанда бизнес ғылымға немесе коммерциализацияға ақша бөлуге қызықпайды.

Олжас еліміздегі Испад-Кармет, ENRC, Қазмұнайгаз сияқты ірі корпорациялар мен кәсіпорындар барынша табысқа кенелуді ғана көздемей, ғылыми-зерттеулерге де қаржы бөлуі керек деп есептейді. Мәселен, АҚШ-та көптеген ғылыми орталық пен университеттер бизнеспен тікелей байланыс орнатқан. Кәсіпорындар жоғары технологиялы өнім шығаруға мүдделі. Ұзақ мерзімді зерттеуге инвестиция салады. Нәтижесінде қолданбалы ғылым жақсы дамыған.

Олжас Кенжалиев, Дж. Вашингтон универсиетінде тағылымдамадан өтуші:

- Мысалы, Америкада бизнес бәскеге қабілетті болмаса, бірнеше жылдан кейін ол құриды. Сондықтан өзінің бәсекелестігін ұстап тұру үшін олар университеттермен қарым-қатынасы мықты жұмыс жасайды. Бірақ мемлекет те университеттерге қаражат бөлуге стимул жасайды, ғылымға ақша бөлсе, оларға кішкене салықты жеңлдетеді.

Қазақстандағы білім, ғылым, өндіріс жүйесіндегі коммерциялау мәселелері кітабының соавторы Олжас Кенжалиев АҚШ-тың бұл бағытта да озық болуының сыры мемлекет, ғылым және бизнестің өзара симбиозы қалыптасқанын айтады. Демек кез келген елдегі инновациялық жүйе мінсіз жұмыс істеуі үшін «үштік модель спиралі» басты назарда болуы керек.

Авторлары: Нұрбек Бекен.