Оңтүстік Кореяда электромобиль өндірісіне қатысты қауіпсіздік талаптары күшейтілмек

Электромобильдер бензинмен жүретін машиналарға қарағанда өртке жиі шалынады. Оңтүстік кореялық электромобиль өндірісінің өкілдері осы мәселеге терең үңіліп, қауіпсіздік талаптарын күшейтпек. Соңғы жылдары Корея көшелерінде тоқпен жүретін көліктердің қарасы көбейді. Ел бойынша олардың саны 300 мыңға жуықтайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Владислав Цой, тілші:

- Кореяда 25 млн автокөлік тіркелген. Бұл дегеніңіз әрбір екі тұрғынға 1 көліктен келеді деген сөз. Бір ескеретіні, елде электромобильдер саны 1%-ке да жетпейді.  Олардың саны әзірге небәрі 300 мыңға жуықтайды. Соған қарағанда, тұрғындар әлді де болса электромобильдерге қызықпайтын сияқты.

Оңтүстік Кореяда электр көліктеріне зарядттағыш құрылғы жасайтын компаниялар өте көп. Олар жылдам қуаттайтын, жүргізушіге ыңғайлы әрі құны қолжетімді болатын аппараттарын осы көрмеге әкелді. Ең жылдам зарядттағыш көлікті жарты сағатта 100%-ке қуаттап береді.

Хо Сок Пэ, Зерттеу институтының вице-президенті:

- Мұндай құралдар ел бойынша 90 тұрғын үй кешенінде орнатылған. Мобильді қосымша арқылы көлік иесі өз көлігінің зарядтау уақытын брондай алады. Сондай-ақ қосымшада банк картасын тіркеп қойсаңыз, электромобильді зарядтау сомасы автоматты түрде есептеледі.

Ал бұл зарядтау құрылғының ішінде арнайы камера орнатылған. Ол көлік нөмірін танып қана қоймайды, оның жылу және түтін сенсоры бар.

О Мён Хан, компания вице-президенті:

- Сенсор өрт болған жағдайда уақытты босқа кетірмеуге мүмкіндік береді. Өрт қаупі бар болса, құрылғы құтқару қызметіне сигнал жібере алады. Оған температураны орнатуға болады және белгіленген температурадан асып кетсе, құтқарушыларға автоматты түрде SMS жөнелтеді.

Бензинмен жүретін көлікпен салыстырғанда, электромобильде өрт болған жағдайда құрбандар саны көп тіркеледі екен. Сарапшылар оның себебін апатты жағдайда электрокөліктердің есік, терезелері ашылмай қалады деседі. Соңғы 5 жылда осындай 60 факті тіркелген. Қазір кореялық автоөндірушілер өрт қауіпсіздігі мәселесін жақсартуды ойластырып жатыр және жаңа технология жобасы биыл ұсынылуы мүмкін.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян.