Еуропада Халықаралық әйелдер күнінде бейбіт шерулер өтті
Германияда халықаралық әйелдер күнінде бейбіт шерулер болды.
Берлиндегі шараға мыңдаған адам қатысты. Олар үкіметтен қыз-келіншектердің құқықтарын сақтауды талап етті. Әйелдердің айлығы мен зейнетақысын өсіріп, ер адамдардыкімен теңестіруді сұрады. Кейбір зерттеулерге сүйенсек, Германияда көп салада қыз-келіншектер ер азаматтармен қатар жұмыс істеп, бірдей міндеттерді орындағанымен, олардың еңбекақысы 20-30 пайызға төмен көрінеді.
Франциска, шеруге қатысушы:
- Біз дүниежүзіндегі барлық әйелді қолдау үшін шеруге шықтық. Биліктен еркектердің мәртебесін үнемі жоғары қоятын жүйені өзгертуді сұраймыз. Мысалы ер азаматтармен тең жұмыс істейтін әйелдер көп жағдайда аз айлық алады. Бұл әділетсіздік. Өйткені қыз-келіншектер күнделікті жұмысын да, үйдің шаруасын да қатар алып жүреді.
Францияда да халықаралық әйелдер күнінде мыңдаған адам қатысқан жалпыұлттық шерулер ұйымдастырылды. Әйел құқықтарын қорғаушылар қыз-келіншектердің жағдайын жақсартуды талап етті. Үкімет мереке қарсаңында бірқатар заң әзірлеген. Құжаттар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қорғайды. Бұдан бөлек 10 мың әйелге қаржылай қолдау көрсетіліп, технология саласында еңбек ететіндердің айлығы өсетін болады. Бірақ шеруге шыққан көпшіліктің бұған көңілі толмайды.
БЛИЦ:
- Испанияда қыздар мен мен әйелдердің жағдайын жақсартуға жүздеген миллион доллар жұмсалды. Ал Францияда қолдау аз.
- Әйел баласына қатысты әділетсіздікті болдырмауды талап етемін. Билік көп түйткілді шешуге күш салуға тиіс деп санаймын.