Перудің провинцияларында төтенше жағдай жарияланды

Перудің 7 провинциясында алапат тасқынға байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Қалың суды "Яку" дауылы ала келген. Бірнеше күн бойы толассыз құйған нөсер салдарынан өзендер арнасынан тасып, елдің солтүстігіндегі ірі қалалардың тұрғындары көшуге мәжбүр болған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, табиғи апаттан 6 адам қайтыс болып, 5 тұрғын із-түссіз жоғалып кеткен. Автомагистральдарды су шайып, қоғамдық көлік қатынасы тоқтап қалды және мектептер жабылды. Метеорологтар жауын-шашын сәуір айының ортасына дейін жалғасады деп ескертті.