Сирияда жұрт мешітсіз қалды

Ертең ислам әлемі үшін қасиетті, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталады.

Әлемдегі барша мұсылман мейрамға қызу дайындалып жатыр. Бірі базар аралап, азық-түлік қамымен жүрсе, енді бірі қала көшелерін безендіруге көшкен.

Биылғы рамазан айында кейбір сириялықтар мешітте қарсы ала алмайтын болды. Өйткені жуырда болған жойқын жер сілкінісінен біразы қирап қалған. Естеріңізде болса, алапат зілзаладан мыңдаған үй ме ғимарат жермен жексен болған еді. Табиғи апаттан әсіресе Идлиб провинциясы қатты зардап шеккен болатын.

Жергілікті тұрғын:

- Біздің мешітте бір мезетте 1,5 мыңдай адам құлшылық ететін. Алапат зілзаладан кейін ауылымыздағы жалғыз Құдай үйі қирап қалды. Бір айдан бері бәріміз далада құлшылық етіп жүрміз.

Рамазан айы қарсаңында Иерусалим тұрғындары қызу дайындыққа кірісті. Қала көшелері түрлі түсті шамдармен безендірілген. Жергілікті жамағат болса, мереке қарсаңында құлшылық ету үшін әл-Ақса мешітіне ағылып жатыр.

Жергілікті тұрғын:

- Рамазан айына дайындық қарсаңында тұрғындарды әл-Ақса мешітіне апаруға көптеген автобус ұйымдастырылады. Биыл оның саны 190-ға жетеді.

Индонезия халқы да Рамазан айына дайындық үстінде. Бірақ жергілікті жұрт биыл азық-түлік бағасының шарықтап кеткенін айтады. Оған инфляцияның өсуі себеп болып тұр. Осыған байланысты үкімет қасиетті мереке кезіндегі қымбатшылықпен күрес ретінде халыққа әлеуметтік көмек көрсетпек. Тұрғындарға бір айы бойы күріш, жұмыртқа мен тауық еті үлестіріліп отырады.

Жергілікті тұрғын:

- Азық-түлік бағасы қымбаттап жатыр. Соған қарамастан, бәрі бұрынғы қалпына оралады деп ойлаймын. Әйтпесе жағдай қиын. Баға бұрынғыдан 3 есе қымбат.

Ирак

Бұл күндері Бағдадтың орталық базарында да адам қарасы қалың. Бәрі 12 айда бір келетін мейрамға дайындалу үшін осында ағылған. Бірі азық-түлік қамымен жүрсе, енді бірі мерекелік әшекейлер сатып алуға келген. Бірақ биылғы баға бұқараның қалтасына әжептеуір салмақ салып отыр. Өйткені валюта дағдарысынан көбі қаржылай қиындыққа тап болған.