Су мен кедейлік өзара тығыз байланысты – БҰҰ

БҰҰ штаб-пәтерінде 22 наурызда Дүниежүзілік су күні басталған үш күндік конференция аяқталды.

Оның қорытындысы бойынша кейбір мемлекеттер мен мүдделі тараптар жаһандық мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін ұсынды. Өйткені су ресурстарын үнемді пайдаланып дұрыс басқару адамзаттың келешегі үшін маңызды болып отыр. Бүгінде дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін бір жұтым су мен жуынуға таза су таба алмай отыр.  Су мен кедейлік бір-бірімен тығыз байланысты. Сусыз дами алмайсыз, ал даму болмай кедейлікті жою мүмкін емес, деді келелі жи ынды қорытындылаған Бас хатшы Антониу Гутерриш.

Индонезияның шалғай ауылында тұрған Нуграха Мухамадриски су қадірін біліп өсті. Келесі жылы су форумы Балиде өтетінін естіп, ерікті ретінде осы бастан арнайы жазылды. Айтуынша, диқан баласы тіршілік нәрінің қаншалықты қымбат екенін көргендіктен жуынғанда барынша суды үнемдейді. Айналасын да ысырапсыз пайдалануға үгіттейді. 

Нуграха Мухамадриски, ерікті:

- Өтініш, суды сақтайық. Біз таза суды болашақ үшін сақтауымыз керек. Күнделікті тірлікте кранды ашып қоймай, жуынғанда да барынша тез аз уақытта шайынып шығуға тырысамын. Суды дұрыс пайдалану мемлекет қана емес, барша тұрғынның міндеті.

Бали тұрғыны БҰҰ штаб-пәтерінде жұртты суды үнемдеге текке үгіттеп тұрған жоқ. Туризм жақсы дамыған аралда бүкіл әлемнен келетін саяхаттаушылар тәулігіне 3000 литр суды пайдаланады. Бұл қонақ үйлердің бассейндері мен құрылысқа кетіп жатқан тұщы суды есептемегенде. Соның салдарынан Балидегі 400 өзеннің 260-сы тартылып қалды. Ал су мен климат тығыз байланысты.

Нұрбек Бекен, тілші:

- Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның соңғы есебі бойынша, суға қатысты қатерлер жыл сайын артып барады. 2000 жылдан бері су тасқыны 134 процентке, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 процентке өсті. Экологтар суды дұрыс басқару тиімді пайдалану тіршілік нәрінің қорын сақтап, климаттың өзгеруін азайтуға, экожүйелерді қорғауға көмектеседі, дейді.

БҰҰ деректеріне сенсек, 2030 жылға қарай Қазақстан тіршілік нәрінен тапшылық көруі мүмкін. Бұл мәселені шешу үшін еліміз не істеп жатыр? Экология министрі Нью-Йорктегі штаб пәтерде ұйымның студиясына арнайы барып сұхбат берді. Жоспарларымен бөлісті. Одан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысымен кездесті. Сүлейменова су ресурстарын орнықты басқару саласындағы Қазақстанның атқарып жатқан жұмыстарын айтып берді.  Антониу Гутерриш еліміздің Аралды сақтаудағы күш-жігерін жоғары бағалап, бұл мәселеде БҰҰ Қазақстанды толық қолдайтынын жеткізді.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

- Сусыз тұрақты даму мүмкін емес. Осы тарихи конференцияны аяқтай отырып, біздің ортақ болашағымызға деген адалдығымызды растайық. Бүкіл ғаламға қауіпсіз болашаққа дұрыс қадамдар жасайық. Мен осы конференцияға және су ресурстары бойынша өзара іс-қимыл бағдарламасын ұсынған қатысушыларға алғыс айтамын. 

БҰҰ-ның 2023 жылғы әлемдегі су ресурстарын дамыту туралы баяндамасы бойынша әлем халқының 26% - ы қауіпсіз ауыз суға жете алмай отыр. Су тапшылығынан жердегі адамдардың 46% қарапайым санитарлық жағдайларды сақтай алмайды екен.