Мұнай тағы қымбаттады

Өткен аптада ОПЕК+ шикізат өндірісін қысқарту туралы шешім қабылдағаннан кейін баға құбылған еді. Содан соң сәл арзандады. Бүгін, міне, тағы өсіп шыға келді. Оған АҚШ-тағы шикізат қоры туралы мәліметтердің жария етілуі себеп. Сөйтіп, Брент маркалы қара алтынның бір баррелі қазір 85 доллар көлемінде саудаланып жатыр.

Мұнай қымбаттады

Өткен аптаның қорытындысы бойынша, Брент маркалы қара алын 6,6, ал Дабл Ю Ти Ай 6,7%-ке қымбаттады. Оған ОПЕК+ елдерінің шикізат өнідірісін қысқарту шешімі себеп. Өйткені бұл сұраныстың артатынын білдіреді. ОПЕК+ мемлекеттерінің мұндай шешім қабылдауына қатысты сарапшылар былай дейді.

Мохаммед Әли Ясин, сарапшы:

- Мұның басты 2 себебі бар. Біріншіден, АҚШ-тағы банк дағдарысы және Еуропада Креди Сюистің құрдымға кетуі себеп. Салдарынан дамыған елдердің экономикасы рецессияға терзірек ұшырады. ОПЕК+ елдері шешімінің тағы бір себебі Қытай шекарасының ашылуы. Ел экономикасы көбі күткеннен гөрі баяу қалпына келіп жатыр. Сол себепті өндіруші мемлекеттер әрекет етуге көшіп, өндіріс көлемін қысқарту бойынша шешім қабылдаған. Өздеріңіз білетіндей, мұнайдың бір баррелі 70 долларға дейін төмендеп кеткен. Баға тағы да құлдырай ма деген қауіп басым болды. Ал мұнай өндіруші елдер үшін оның құны 80 доллардан жоғары болу керек.

 

Жанармай бағасы тұрақсыз

ОПЕК+ елдерінің шешіміне америкалықтар қарсы болған. Өйткені шарықтап кеткен инфляциямен күресу үшін Ақ Үй әкімшілігі ұйымды өндіріс көлемін арттыруға шақырған еді. Сөйтіп, АҚШ-та осымен 2 апта қатарынан жанармай бағасы тұрақсыз. Қазір оның бір галлоны, яғни шамамен 4 литрі – 4 доллар. Бұл – былтырғы қараша айында тіркелген ең үлкен көрсеткіш. Мұнай өндіруші елдердің өндіріс көлемін қысқарту шешімінен бөлек, бағаға әсер еткен тағы бір фактор бар. Қазір күн жылынып, көлікпен жүретіндер көбейген. Бұл да баға саясатын құбылтып тұрса керек. 

Энн, жүргізуші:

- Көлік қозғалтқышының көлемі үлкен жүргізушілер шаш етектен шығынға батып жатыр. Өйткені жанармай көп шығындалады. Ал баға деген аспандап барады.

 

Мұнай арзандауы мүмкін

Енді көпшілікті мұнай тағы қымбаттай ма деген сауал мазалайды. Сарапшылардың түсіндіруінше, бағаның үш таңбалы санға дейін өсуі екіталай. Өйткені Қытайда іскерлік белсенділік баяу қалпына келіп жатыр. Оның үстіне Батыс елдеріндегі қаржылай дағдарыс тағы бар. Бұдан бөлек, сарапшылар ірі мұнай өндіруші Ирак пен Венесуэланың мүмкіндіктерін жеке бағаламауымыз мүмкін дейді. Сөйтіп, АҚШ-тың Ситигруп өкілдері алдағы уақытта Брент маркалы мұнайдың бір баррелі 80 доллардан төмендейтінін болжап отыр.