Боливияда журналистер мен мұғалімдер ереуілдетіп жатыр
Боливия астанасы Ла-Паста журналистер шеруге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
ЖУРНАЛИСТЕР БАС КӨТЕРДІ
Олар үкімет ұсынған бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасына қарсы бас көтерген. Өйткені жаңа құжатқа нәсілшілдік, кемсіту және жек көруді тудыратын жазба үшін жазалайтын бап енгізілген. Журналистар осы бап шенеуніктерге қарсы зерттеу жүргізуге кедергі жасау үшін қолданылуы мүмкін деп қауіптенеді. Ла-Пастың Баспасөз федерациясы бұл сөз бостандығын шектейді деп есептейді.
Карлос Сальседо, Ла-Пастың Баспасөз федерациясының президенті:
- Билік бізді сотпен қорқытқысы келеді. 7 жылға дейін бас бостандығынан айырамыз дейді. Біз жұмысымыз үшін қудаланбауымыз керек. Заң журналистерді қорғауға тиіс.
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ БАСЫЛАР ЕМЕС
Ал ұстаздар жаңа оқу бағдарламасына қарсы. Білім беру саласының қызметкерлері 2 күннен бері ереуілдетіп жатыр. Полиция мұғалімдерге күш қолданды. Топты тарату үшін сақшылар көзден жас ағызатын газ шашып, ішінде бояуы бар шар атқан. Оның үстіне үкімет мұғалімдерді жаппай қысқартуға көшкен.
Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, үкімет наразылықтың бірінші күні 8 миллион долларға химиялық зат сатып алған.