Ресейді қолдағандар жаңа санкцияға ілікті
АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейді қолдаған бірқатар шетелдік кәсіпорындар мен олигархтарға санкция салды. Таяуда жарияланған жаңа тізімде әлемдегі 20 мемлекеттің 120 заңды және жеке тұлғасы бар. Олар Ресейге Украинадағы қақтығысқа байланысты енгізілген санкцияларды айналып өтуге көмектесті деп айыпталып отыр. Қара тізімге іліккен шетелдік ұйымдардың ішінде Қытай, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері мен Өзбекстанның кәсіпорындары бар, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нұрбек Бекен, тілші:
- АҚШ пен Ұлыбритания бірлесіп, Ресейді тікелей және жанама қолдаған компаниялар мен тұлғаларға қосымша санкция салды. Оның ішінде Ресейдің олигархтарынан бөлек, біраз мемлекеттің компаниялары бар. Мысалы, қытайлық компания Бахмутты басып алмаққа шабуылдап жатқан Вагнер жеке әскери ұйымына спутниктен түсірілген суреттерді беріп келгені анықталған. Венгриядағы Ресейге тиесілі халықаралық инвестициялық банктің 3 жоғарғы лауазымды қызметкері санкцияға ілінді. Былтыр біраз мемлекеттер бұл банктің жұмысын тоқтатқанда ресми Будапешт бейтарап қалған еді. Тіпті қолдан келгенше демеу көрсеткен сияқты. Вашингтон Мәскеуге тым жақындап кетен Венгрияға да ескерту жасады.
Дэвид Прессман, АҚШ-тың Венгриядағы елшісі:
- Венгрия жүрегінде Кремльдің күмәнді банкі болуы және оған қатысты жеке тұлғалардың дипломатиялық паспорттар алуы НАТО-дағы одақтастарының қауіпсіздігі мен егемендігіне қауіп төндіреді. АҚШ Венгрияның әрекетіне жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтынын ескертеді. Ресей мен санкцияға іліккен ресейлік азаматтардың халықаралық қаржы жүйесін пайдалануға жол бермейміз.
Нұрбек Бекен, тілші:
- «Росатом» корпорациясымен байланысы бекем бірқатар адамға да санкция салынды. Ақ Үйдің пайымдауынша, Ресей ядролық отын экспортын да әлем елдеріне саяси және экономикалық қысым көрсету үшін пайдаланып келеді. АҚШ-тың қара тізіміне белгілі олигарх Әлішер Усмановқа қарайтын USM холдингі де ілікті. Соның ішінде темір рудасын өндіруші «Металлоинвест» пен телекоммуникация операторларының бірі «МегаФон» компаниясы бар.
Авторы: Нұрбек Бекен.