Ресейде электр самокат жүргізушілерге қатаң ереже енгізілді
Ресейде электр самокат, гироскутерлер мен монодөңгелек жүргізетіндерге қатаң ереже енгізілді.
Өйткені электр құралдарына мінгендер жол жүру тәртібін жиі бұзатын.
Дана Нұржан, тілші:
- Электр самокаттарға арналған осындай тұрақтар Мәскеудің әрбір метро станциясының қасында ашылды. Себебі бұл көлік түрі халық арасында жоғары сұранысқа ие. Үйге жылдам жеткізеді. Серуендеуге ыңғайлы. Жеңіл әрі аса қымбат емес. Бірақ бұл көліктің өз қауіпі бар. Өткен жылы Ресейде самокаттардың кесірінен тоғыз жүз жол апаты тіркелді. Салдарынан он тоғыз адам көз жұмды. 800-ден астамы жарақат алды.
Ақпан айының басында Ресейде жеке мобильді құралдарына арналған мемлекеттік стандарт күшіне енді, ал наурыз айында оларға қатысты Жол қозғалысы ережелеріне түзетулер бекіді. Енді самокатқа екі адам мінгесе алмайды. Сонымен қатар самокатшылар велосипедшілерге арналған жолмен жүруі тиіс.
Ксения Эрдман, микромобильді операторлар ассоциясының басшысы:
- Жалпы айтқанда бұл ережелер қазір жалдамалы және жеке меншік самокаттардың құқықтары мен міндеттерін теңестірді. Бұл ережелерді жалға беру операторлары Ресей аумағында жалға беру пайда болған сәттен бастап қолданады. Мысалы, жылдамдықты сағатына 25 км-ге дейін шектеу талабын одан бұрын да орындадық.
Самокаттардың жылдамдығы заң бойынша 25 км/сағ аспауы тиіс. 60 км/сағ ол жолдағы көліктерге шектеу. Бірақ бұған жаяу жүргіншілерге немесе, велосипедке арналған жолдар болмаған жағдайда ғана рұқсат беріледі. Жасқа байланысты шектеулер де қойылды. Жол қозғалысы ережелері бойынша самокатты 7 жастан бастап жүргізуге рұқсат, алайда, 14 жасқа дейін самокатпен жүрген баланы ата-анасы бақылауы тиіс. Ал 18 жастан асқан азаматтар самокатты жалға ала алады.
Ян Хайцеэр, Ұлттық автокөлік одағының вице-президенті:
- «Жеке мобильді құралдар» ұғымының пайда болуының өзі автокөлік жүргізушілері үшін пайдалы екені сөзсіз. Өйткені бұрын самокат пен автокөлік қатысумен болған апатта, қауіптілігі жоғары көлікті басқаратын жүргізуші әрқашан кінәлі болатын, ал сот көп жағдайда самокат жүргізушісін жаяу адамға теңеп, апат үшін жауапкершілікті автожүргізушіге артатын.
Ресейдің Ұлттық автокөлік одағы бұл саланы бұдан да қатаң реттеу қажет деп санайды. Атап айтқанда, ұйым әрбір самокатқа, тіпті әрбір монодөңгелекке жеке идентификациялық номер беруді құптайды. Автожүргізушілердің пікірінше, бұл жолдағы апат санын біраз азайтпақ.
Дана Нұржан, Шахзод Гамиров