Ұлыбританияда жасыл сутегі өндірісі қолдауға зәру

Жасыл сутегін өндіру бойынша әлемде көш бастаған Ұлыбритания екінші сатыға ығысуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның орнын АҚШ басуы ықтимал. Британия бұл өндірісте неге кідіріс жасады? АҚШ-тың артықшылығы неде?

Англияның Суиндон қаласындағы мына зауыт химикаттар мен мембраналар шығарады. Бұл заттар қоршаған ортаға титтей де зияны жоқ отын – жасыл сутегін жасауға арналған. Сондықтан аталған кәсіпорынды ғаламдық климаттың өзгеруіне қарсы күрес құралы ретінде қарастыру әдетке айналған. 

Лиам Кондон, басқарушы компанияның бас директоры:

- Менің ойымша, біздің компания әлемде көшбасшы болудан қалып барады. Өйткені жеткілікті қолдау көрсетілмей келеді. Ал өзге елдердің кәсіпорындары үкімет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, технологиясын заманға сай жетілдіріп жатыр. Бұл сала тоқыраса, алдағы 10 жылда жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігінен де айырылады. Болашағымыз бұлыңғыр.

Мәселен, АҚШ жасыл сутегін өндіретін компанияларға көмекқаржыны аямай беріп жатыр. Субсидия көлемі қазірдің өзінде миллиардтаған долларға жетеді. Ал бір кездері аузын айға білеген британиялық кәсіпорындары мұндай қамқорлыққа мұқтаж.

Джайлс Уилкс, бизнес-кеңесші:

- Бізде көмекқаржы беру жүйесінде олқылық көп. Қажет емес салаға субсидия үйіп-төгіп берілсе, нағыз керек бағытқа жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жасыл сутегін өндіру саласы қаржылай қолдауға зәру. Себебі бұл жылдар бойы қалыптасқан кәсіп емес.

Британиялық кәсіпкерлердің дабыл қағатындай жөні бар. Өйткені жасыл технология бизнесі масыл салаға айналатын кәсіп емес. Бұл бағытқа құйылған ақшаның қайтарымы жоғары, - дейді сарапшылар.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Аружан Шуақбай.