Сеулде Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұсаукесері өтті

Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің түкпір-түкпірінен спорт журналистері шақырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сеулдегі Дүниежүзілік және азиялық спорт тілшілерінің конгресінде бұл жарыстың тұсауы кесілді. Шараға 80 елден 200 делегат қатысты. Форумда «Қазақстанның халық дипломатиясы» фотокөрмесі ұйымдастырылып, спорттық командалардың киімдері көрсетілді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2024 жылдың қыркүйегінде Астанада өтеді. Оған 26 елдің спортшылары қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыстар спорттың 20 түрінен өтеді. Оның ішінде көкпар, бәйге, тоғызқұмалақ сияқты қазақ ұлттық ойындары бар.

Чон Хи Дон, Азия спорт журналистер одағының президенті:

- Менің ойымша, көшпенділер ойындары өте қызық. Әсіресе көкпар мен бәйге. Спорт журналистерінің көшпенділер ойындарына қызығушылығы жоғары. Көшпенділердің дәстүрлі ойындары туралы көрермендерге айтудың жақсы мүмкіндігі деп ойлаймын.