Қытайда апталап құйған жауыннан бидай шықпай қалды

Қытай биыл еккен бидайының бестен бір бөлігінен айырылуы мүмкін.

Оған елдің шығысы мен орталығындағы толассыз жауған жауын себеп. Егер өнім аз шықса, мемлекет бидайды сырттан импорттайды. Ал бұл өз кезегінде әлемдік нарықта дәнді дақыл бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.

Қытайда мамырдың соңы мен маусым айының басында астық жинау науқаны басталады. Жергілікті диқаншылардың білек сыбана іске кірісіп, еңбегінің жемісін көретін сәті. Бірақ шаруалардың жоспарына биылғы ауа райы көп өзгеріс әкелді. Мамыр басында аптап ыстықтың соңы толассыз жауынға ұласып, елдің шығысы мен орталығындағы егістік алқаптарға зияны тиді.

Чень, шаруа:
- Толассыз жауыннан егін бой салып өспей, көгеріп жарамсыз болып қалды. Кей жерлерде су әлі кеппей, комбайндар жүре алмай тұр. Шаруалар күннің қызып, жердің қатқанын күтіп отыр.

Жауын-шашыннан ең алдымен Қытайдың астықты өңірі Хэнань провинциясы көп зардап шекті. Табиғаттың тосын мінез танытуынан мемлекет 20 пайыз егінінен айырылуы мүмкін. Бұл өз кезегінде алпауыт елдің бидай импортын ұлғайтып, әлемдік нарықта баға өсуіне әкелуі ықтимал.

Дарин Фридрихс, Sitonia Consulting компаниясының басшысы:
- Қытайдың шетелден бидай тасымалдауы қазірдің өзінде артып келеді. Егер жауыннан келген шығын көп болса, келер жылы да бидай импорты ұлғаяды. Бұл әрине әлемдік нарықта оның бағасына әсер ететіні анық қой. 

Хэнань провинциясыың билігі егінді сақтап қалу үшін барлық шараларды қолға алып жатыр. Әдетте маусымның соңғы аптасына дейін қамбалар астыққа толып, шаруалардың еңбегі еселенетін. Алайда қазір аймақтағы диқаншылар егіннің 5 пайызын ғана жинап үлгерді. 

Авторы: Дәурен Ақашұлы