Әлемде туризм саласына жан бітті

Қонақтарды елге көптеп тарту үшін Түркия, Қытай мен Үндістан біраз жобаны қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Финляндияда ұялы телефон қолданылмайтын әлемдегі ең алғашқы туристік арал ашылған. Мамандар мұны бір жағынан «цифрлық ораза» деп атайды. Ал психологтар демалыстың мұндай түрі адамның сана-сезімін тынықтырып, жүйкесін жақсартады дейді.

Финляндиядағы аралға барған туристердің ұялы телефонын ешкім де күшпен тартып алмайды. Тек ереже бойынша қонақтар гаджеттерден өз еркімен арылуы керек. Әйтпесе, финдердің аралында интернет те, ұялы байланыс та жақсы ұстап тұр. Биыл ерекше жанданып келе жатқан туризм түйткілдеріне «Шартарап» айдарында бірер сәттен кейін кеңірек тоқталамын. 

 

Туристер нөпірі толастамайды

Әлемдік туризм десе ойымызға міндетті түрде Түркия оралады. Ковидтен кейінгі 2022 жылы бұл ел демалғандар саны бойынша рекорд орнатып үлгерген. Мұндай мәліметті Халықаралық сараптамалық туризм ұйымы жариялады. Олардың дерегі бойынша, Түркия жағасын ортақ Жерорта теңізі шайып жатқан Испания, Италия, Грекия, Франция, Португалия, Мальта мен Хорватия сияқты туристік елдерді артта қалдырған.

Терри Дейл, АҚШ тур операторлары қауымдастығының президенті:

-Түркия сияқты танымал елдерге барушылар қатары рекордты көлемде өсіп жатыр. Былтыр бұл елге 51 миллион 400 мың адам келіп, бюджетке 56 миллиард 300 миллион доллар кіріс кірді. Осылайша, ол әлемдік туризм орталығы деген атағын қайтарып алды. Бір ғана мысал айтайын, туро ператорлар Жерорта теңізіне құятын өзеннің жағасындағы тып-тыныш Далиан қаласының тылсымға толы жерлеріне алып барады.

Былтырғыны былай қойғанда, Түркияға мамыр айында ғана 4,5 миллион турист барған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,2%-ке жоғары. Мұндай мәліметті Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі таратты. Жерорта теңізінің жағасындағы Анталия ең танымал туристік нысанға айналды. Бұл қалада 1,5 миллионнан астам турист демалған.

Түркия осы жылдың басында болған жойқын жер сілкіністеріне қарамастан биыл елге 60 миллион турист тарту және қазынаға 56 миллиард доллар табыс түсіру мақсатын орындады.

 

Туризм – сауда көзі

Туризм көршілес Қытайда да жанданып жатыр. Мәселен, 3 күнге созылған Айдаһар-қайықтар фестиваліне келгендер саны өткен жылмен салыстырғанда 32,3%-ке өскен. Бір ғана Бейжіңге 3 миллион 260 мың саяхатшы келген. Бұл былтырғыдан 61%-ке артық. Туризмге бюджетке 5 миллиард 20 миллион доллар түскен. Яғни, кіріс 44,5%-ке артты. Сондай-ақ Айдаһар-қайықтар фестивалі өткен 3 күнде 20 миллион адам сауда жасаған. Былтыр бұдан 76%-ке кем болыпты.

Дай Бин, Қытай Туризм академиясының президенті:

- Гонконг пен Макаоның туризм нарығын қалпына келгенін көріп отырмыз. Әуе билеті мен қонақ үйге тапсырыс беру қызметі жақсарып келеді. Барыс-келіс бағасы да біршама төмендеді. Туристер көбіне жергілікті салт-дәстүрге қатты қызығушылық білдіріп жатыр. Мәдениет туризмі жақсы сұранысқа ие.

 

Үндістан Қытайдан озбақ

Халық саны бойынша биыл Қытайды басып озған Үндістан енді туризмде көшбасшы болуға ұмтылып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, саяхатқа тапсырыс беру сайттарында дүмпу болып жатыр. Үнді үкіметі келесі жылы саяхатшылар есебінен түсетін кірісті жылына 42 миллиард долларға арттырмақ. Ал 2025 жылға дейін әуежайларды жаңарту жұмысына 12 миллиардтай доллар бөлінеді. Биылдың өзінде Индира Ганди атындағы халықаралық әуежай әлемдегі ең қарбалас нысандардың қатарына қосылған. Соңғы 20 жылда туризм бойынша алда болған Қытайға енді Үндістан бәсекелес бола бастады. Сарапшылар үнділерде бір артықшылық бар дейді. Бұл елде туризмді дамыта алатын жекеменшік әуе компаниялары көп. Ал Қытайда ондай бәсеке жоқ.

 

Су астына саяхат жанданады

Атақты Титаникті көруге мұхитты табанына апарған 5 туристің қайтыс болуы су асты туризміне тұсау салады деген пікір болған. Бірақ Австралия мамандары мұны жоққа шығарып отыр. Сидней университетінің ғалымдары су астында қауіпсіз жүзетін, барынша жетілдірілген роботты құрал жасап шыққан. Олар құрылғының қысымын дұрыс өлшеп, барлық жағдайын тіркеп отыратын камераларды көптеп орнату керек дейді.

Стефан Уиллиамс, Сидней университетінің профессоры:

- Теңіздің түбіне саяхат жасау ешқашан тұрып қалмайды. Керісінше, дамиды. Тек судың астында еш ақаусыз жүзетін қауіпсіз құралдар керек. Біз осы бағытта іргелі зерттеулер жасап, сынақтар өткізіп, құралдарды барлық жағынан жетілдіріп жатырмыз. Аты аңызға айналған Титаникті көруге деген құмарлық ешқашан өшпейді.

 

БҰҰ: туризм биыл толық қалпына келеді

Биыл әлемдік туризм толық қалпына келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік туризм мекемесі әлемдегі саяхаттау көрсеткіші 2023 жылдың бірінші тоқсанында коронавирусқа дейінгі деңгейдің 80%-іне жеткенін хабарлады. Яғни, жылдың бастапқы 3 айында 235 миллион адам қыдырған. Қазақ «Атың барда – жер таны желіп жүріп, асың барда – ел таны беріп жүріп» деп тегін айтпаса керек. Қоян жылында жаһанда барыс-келіс пен жүріс-тұрыс көбейгелі тұр.