Өзбекстанда су кодексі қабылданады

Өзбекстанда биыл су үнемдеуге бағытталған арнайы кодекс қабылданады.

Құжат жобасы заң шығарушы органда қызу талқыланып жатыр. Көршіміз – Орталық Азиядағы ең ірі су тұтынушы. Дариядан келетін тіршілік нәрінің мол мөлшерін ауыл шаруашылығына пайдаланады. Агро өнімдердің ішінде мақта алқаптарының үлесі әлі де болса басым. Мемлекет басшылығы елдің туризм саласынан түсетін табыс артса, ақ алтын егу тоқтайтынын жеткізді. Алайда бұл міндет тек 2030 жылға қарай орындалуы мүмкін. Қазірдің өзінде, Сырдария мен Амудария бассейнінде су ресурстары жеткіліксіз. Ала шапанды ағайын суармалы жердің 25 процентін үнемдеу технологиясына көшірген. Фермерлерге бюджеттен қосымша субсидия берілетін болды. Әрі тіршілік нәрін ретсіз пайдалануға тыйым салынды. Су кодексі қабылданса, бұл іске қадағалау қатаң түрде жүргізіледі.

Равшан Назаров, су ресурстарын басқару саласы бойынша сарапшы:

- Биыл сәуір айында ел президенті суды үнемдеп пайдалану мәселелеріне арналған қаулыға қол қойды. Бұдан бөлек, мемлекет басшылығы су кодексін қабылдауға кірісіп кетті. Салада тіршілік нәрі ғана емес, жерді де мақсатсыз, ретсіз қолдануға қатысты қатаң талаптар енгізілді. Дегенмен бұл мәселелердің барлығын уақытша ғана амал деуге болады. Су жалпы мағынада азайып барады. Сондықтан үнемдеу технологияларын көптеп енгізуден басқа амал жоқ.