Мароккодағы зілзала құрбандарының саны артуы мүмкін. Шартарап
Қазір елдегі құтқару операциясы қауырт жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Үйінді астынан аман қалғандарды алып шығу үшін мамандар барын салуда. Өйткені әрбір секунд санаулы.
Еске салсақ, 8 қыркүйекте Мароккода жер сілкініп, салдарынан 2 мыңнан аса адам мерт болды. Демалыс күндері жойқын зілзаланың соңы афтершокқа ұласып, ахуалды одан сайын қиындатты.
Қара жамылған Мороккоға әлем елдері қол ұшын созды. Бірақ Солтүстік Африкадағы мемлекет әзірге 4 елдің ғана көмегін қабылдайтынын жеткізді.
Сын сағатта уақыт дұшпан
Мароккодағы жер дүмпуінен қаза тапқандар саны 2 100-ден асты. Жарақат алғандардың саны 2,5 мыңға жуықтады. Өкінішке қарай, өлім-жітім статистикасы осымен тоқтамай, жаңаратын сыңайлы. Өйткені үйінді астынан тірі адамдарды алып шығу ықтималдығы сәт сайын кеміп барады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Марракеш пен оның маңындағы 300 мыңнан астам халық зардап шекті. Табиғи апаттың зардабы әсіресе Атлас тауы маңындағы жұртқа ауыр тиді. Тарихи аймақтың күл-талқаны шықты. Әл Хауз өңірінде мыңдаған адам опат болды. 400-ден астамы із-түссіз жоғалды.
Ғасыр апаты
Соңғы рет мұндай зұлмат 1960 жылдың ақпанында болған еді. 6 балаға жуықтаған жер сілкінісі Атлант мұхитының жағалауындағы Ағадыр қаласын тып-типыл еткен. Сол кезде табиғи апаттан 12 мыңдай адам бақилық болды. 400 мыңнан астамы баспанасыз қалған еді. АҚШ-тың геологиялық барлау қызметінің хабарлауынша, ғимараттарды қирататындай жер дүмпулері негізі бұл аймаққа тән емес. Магнитудасы 6 балдан асатын жер сілкінісі өткен ғасырда тіркелсе де, мемлекет 5 балдан төменіне дайын болуы тиіс еді.
Құтқару операциясы жалғасып жатыр
Қираған үйінді астынан аман қалғандарды тауып, көз жұмғандарын алып шығуға Марокко үкіметі әскерді тартты. Мәселен, Адассил қаласынан 37 шақырым жерде жедел штаб құрылды. Штаб құтқарушылардың жұмысын жеделдетуді көздейді. Зардап шеккендерге ас-су, жамылғы мен уақытша паналайтын шатырлар тікті. Ал шетелден арнайы келген құтқарушылар жан-жаққа жіберіліп жатыр.
Антонио Ногалес, құтқарушы:
- Біз қазір Иминтала қаласындамыз. Бұл жерге жету үшін 8 сағатта әрең жеттік. Бізге дейін бұл маңға құтқарушылар келмеген екен, полициямен бірге жеттік. Айнала қирандыларға толы. Ғимараттың бәрі күйреген. Иттердің көмегімен аман қалғандарды іздеуге кірістік.
Жаһан жұрты көмек қолын созды
Жаһан елдері Мароккоға қол ұшын созып, барынша көмектесуге әзір екенін жеткізді. Испания 56 құтқарушы мен 4 саққұлағын жіберді. Қатар елі Марракешке құтқарушылар жасағын 4 ұшақпен жөнелткен. Ұлыбританиядан 60 маман келіп жетті. Марокконың королі Мұхаммед 4-ші осы 3 мемлекет пен Араб Әмірліктеріне қолдау көрсеткені үшін алғысын жеткізді. Көктемде ғана зұлмат зілзаладан зардап шеккен Түркия 265 сарбазы мен мың шатыр жіберуге ниет білдірді.
Тіпті 2 жылдан бері арадағы дипломатиялық қатынасқа сызат түскен Алжир қиын кезде демеуге дайын екенін білдірді. Алайда Марокко билігі әзір көмек қажет еместігін айтады. Дей тұрғанмен алдағы уақытта ондай мұқтаждық туындау мүмкіндігін аңғартты.