Дубайда қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті
Жыл басынан бері Дубайда 50-ден астам қазақстандық компания ресми тіркеліп, кәсібін жүргізіп отыр.
Жалпы отандық тауар мен қызмет түрлерін Әмірліктер арқылы 2 млрд тұтынушыға жеткізуге мүмкіндік бар. Осылайша Африка, Таяу Шығыс, тіпті Оңтүстік Азия елдерін де қамтуға болады. Бұл туралы Дубайда тұратын отандастарымыздың алғашқы құрылтайында айтылды.
Бұл Дубайдағы қазақтардың алғашқы құрылтайы.
Рауан Жұмабек, Қазақстанның Дубайдағы Бас консулы:
"Қазақ халқы әлемнің қай түкпірінде болса да ел бірлігін нығайтуды ұмытпаған. Сондықтан сыртта тұратын қазақтар бір бірін танып өзара қолдау көрсетіп отырғаны өте маңызды".
Соңғы 6 жылда Дубайда тіркелген қазақстандық компаниялардың саны 351-ден 637-ге жетті. Яғни биыл жаңадан 54 компания ашылған. Отандық кәсіпкерлер ұлттық тауарларымызды араб нарығына саудалап отыр.
Ғалымжан Мейрамбеков, кәсіпкер:
"Қазақстаннан саумалды әкеліп, құрғатылған саумалды осы Араб елдерінде сатамыз, арабтарға өте жақсы ұнайды. Өйткені өздерінің де жылқылары бар және олар түсінеді не екенін. Бірақ олардың «психологический барьер» деген бар, мынау жылқы сүтін ешқашан көрмеген, иісін, дәмін татпаған. Бірақ ептеп соны енгізіп жатырмыз".
Жиынға араб кәсіпкерлері де келіп, қазақтардың қуанышына ортақтасты. Олар төл өнерімізді тамашалап, ұлттық ойындарға белсене қатысты.
Мұхаммед Бу Джасим, жергілікті кәсіпкер:
"Басты серіктес ел Қазақстанның Ұлттық мерекесі құтты болсын! Қазақ халқы ұйымшыл, бауырмал екендігіне бүгін көзіміз жетті. Қазір өзара импорт та, экспорт та ұлғайған. Біздің компания 34 жылдан бері заңгерлік қызметтер ұсынып келеді. Қазақ азаматтарымен, кәсіпкерлерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз".
Бибігүл Нысанбаева, тілші:
- Қазір бейресми ақпарат бойынша Дубай Әмірлігінде 10 мыңнан аса қазақстандық өмір сүреді. Бұдан басқа, осында елімізден демалу үшін күнде қаншама турист келіп жатыр. Аптасына 60-тан астам әуе рейсі қатынайды. Осының өзі екі елдің арасында сенімді әрі тығыз байланыстың берік орнағанын көрсетсе керек.
Бибігүл Ғаділбекқызы, Ералы Тілеуіш