Түркітілдес мемлекеттер арасында сауалнама жүргізілді
Түркітілдес мемлекеттер арасында жүргізілген статистикалық сауалнама қорытындысы жарияланды.
«Түркі барометрі-2023» деп аталатын құжатта бауырлас елдер арасындағы өзара мәдени байланыстың нәтижесі белгілі болды.
Халықаралық Түркі академиясының «Түркі барометрі» деп аталатын зерттеу бағдарламасы Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерін қамтыды. Әлеуметтік сауалнама аталған елдердегі 6 341 электронды ақпарат құралдары арқылы бір мезетте жүргізілген. Негізгі мақсат бауырлас халықтардың басым құндылықтары мен әлеуметтік сенім деңгейін анықтау болатын. Сондай-ақ мәдени үрдістер де сараланды.
Шахин Мұстафаев, Түркі академиясының президенті:
- «Түркі барометрі» жобасының биылғы тақырыбы: бір көзқарастың қалыптасуы, түркі әлемінде әлеуметтік-гуманитарлық динамиканың зерделенуі. Бұл әсіресе бауырлас жұрттың бір-бірін түсінуі үшін маңызды. Нақты зерттеу, нақты ғылым. Жобаның нәтижелерін тиісті мекемелермен бөлісеміз. Бұл өз кезегінде алдағы жұмыстарға дұрыс бағдар беру тұрғысынан таптырмас зерттеу болмақ.
Зерттеу-сауалнаманың көздегені – Түркі мемлекеттері ұйымы тарапынан жүргізілетін интеграциялық процестерге қатысты көзқарастарды, сондай-ақ экономикалық және мәдени байланыстар бойынша ұсыныс-пікірлерді зерделеу.
Хале Аслы Кылыч, әлеуметтанушы:
- Зерттеуді мамыр-шілде айларында жүргіздік. Аударма, сараптауға біршама уақыт жұмсалды. Сауалнаманы сол мемлекеттердегі стратегиялық орталықтармен бірге өткіздік. Әрбір елдің барлық өңірін, әлеуметтік топтарын қамтуға тырыстық. Нәтижесі көңіл көншітерлік деп ойлаймын.
Эбулфез Сүлейманлы, «Түркі барометрі» жобасының үйлестірушісі:
- Қазақстан туралы таңғаларлық нәтижелер бар. Мысалы, халықтың шамамен 70% өз ұлтының құндылықтарын қорғауға ниетті. Екінші жағынан, Қазақстанда түркітілдес мемлекеттермен қарым-қатынас жоғары деңгейде және туыстас жұрт туралы ақпараттарды жан-жақты меңгерген. Ал сараптамадағы ең төменгі көрсеткіш ана тілінің мәселесі болды.
«Түркі барометрі» өзінің сипаты жағынан Еуропа одағының «Еуропа барометрі», «Афробарометр», «Латынбарометр» зерттеу бағдарламасы мен әлемнің өзге де аймақтарында жүргізілетін халықаралық зерттеулерге ұқсас. Түркі академиясы мұрындық болған зерттеу-сауалнама бұған дейін 2017 және 2019 жылдары жүргізілген.
Авторы: Меруерт Қанағат.