Әлем елдері Дүниежүзілік ілтипат күнін атап өтеді
Әлем елдерінде де Алғыс айту күні халықаралық мәртебесі болмаса да, өткен ғасырлардан бері арнайы тойланады.
Мысалы, АҚШ және Канада халықтары Алғыс, Рақмет айту күнін қараша айының әрбір төртінші бейсенбісінде атап өтетін көрінеді.
Ал бүгін – әлем елдерінің бір-біріне жылы сөз айтатын, Дүниежүзілік ілтипат күні. Бұл күн жалпы қалай атап өтіледі?
Бұл күнді 2001 жылы Нидерланд қоғам қайраткері Ханс Портвлит енгізген. Кейін Бельгия және Норвегияда бұл үрдіске айналып, айтулы дата ретінде бекітілді. Яғни, бұл күні адамдар бір-біріне жақсы сөз айтып, мақтау, мадақтауын жеткізуге тиіс.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейміз. Алайда әр елдің салты басқа, ұстанымы бөлек. Бір елдегі мадақтау екінші бір елде даттаумен тең. Бұның сыры неде?
Мақтаудың да жөні бар
Бір ел екінші елдің мәдениетін түсінбегендіктен, түсінбестік туады. Мәселен, Еуропада бас бармақ «жарайсың», «бәрі керемет» дегенді білдірсе, Австралия мен Грекияда мұндай қимыл әдепсіздікке тіпті қорлауға жататын көрінеді. Ал америкалықтардың 70%-і, британдықтардың 55%-і біреуден мақтау естісе, өзін жайсыз сезінеді. Тіпті қарапайым «рақмет» деп айтудың өзіне қиналады. Жапон қыздары да өзіне айтылған мақтауды естігенде ұялады. Ал Норвегия мен Финляндияда біреуді біреуге мақтау жағымпазданумен тең.
Мақтауға тыйым салған елдер де бар. Мәселен, Италияда балаларды мақтауға болмайды. Өйткені ата-анасы тіл-көз тиеді деп қорқады. Ал Түркия және Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман елдерінде әйел қауымына мақтау сөздерін айтуға болмайды. Ал грекиялықтар бір-бірінің үйіндегі бағалы жиһаздарын мақтамайды. Мақтап қалған жағдай үй иесі сол затты, мақтаған адамға беруге мәжбүр болады. Мамандар мұны сол елдің таным-түсінігіне байланысты деп түсіндіреді.
Жақсы сөз - жарым ырыс
Дегенмен жылы сөз, мақтау естіген адамның миында күйзеліс гормоны – кортизол ығысып, бақыт гормондары бөлінеді. Нейролог мамандар бізді мақтаған немесе біз өзімізді мақтаған кезде организм ішкі рақаттану гормондарын бөліп шығаратынын айтады. Комплименттер мидағы Допамин – бұл марапаттау циклінде орталық рөл атқаратын химиялық зат. Басқаша айтқанда, біреу бізді шын мақтаған кезде бойда күш-қуат артады.
Рейчел Сассман, психотерапевт:
- Адамға неғұрлым орнымен, жөнімен комплимент жасалса, ол соғұрлым өзін жақсы сезінеді. Тек сыртқы сұлбасына қарап, киім-киісіне баға беруден гөрі көбірек жетістіктерін жіпке тізіңіз. Мінезіне, бойындағы қандай да бір ерекшелікті байқап, баға беріп, оны сол адамға айтудың өзі батылдықпен пара-пар.
Келемеж бе? Мақтау ма?
Кей сөздер бір қарағанда құлаққа дөрекі естілгенімен, мағынасын біліп тұрған адамның жанына майдай жағады. Мәселен, Бразилияда «macaco velho» деген сөз бар. Қазақшаласақ – «кәрі маймыл». Бұл Бразилия мақалы «кәрі маймыл өзгенің қазанына қол сұқпайды» дегенмен байланысты екен. Яғни, кәрі маймылды бразилиялықтар тәжірибелі адамға теңейді. Ал камерундықтар «түбі тесік қазан» деп дәмді тағам әзірлеген адамға айтады. Ал француздар жақсы көрген адамын «менің қырыққабатым», «басымдағы битім» дейді екен.