Францияда уақыт белдеуі әртүрлі

Осыдан 2 ғасыр бұрын Жер бетінде уақыт белдеуі деген түсінік пайда болып, әлем елдері 24 сағаттық уақыт өлшеміне көшті.

Бірақ кейін әр мемлекет өз ыңғайына қарай, әкімшілік уақыт белдеуін қолданысқа енгізе бастады. Бүгінде 175 мемлекет бірыңғай cағат белдеуінде. 22 ел ғана бірнеше уақыт кеңістігін қолданып келеді. Толығырақ алдағы топтамада.

Норвегия, Финляндия және Ресей шекараларында үш уақыт белдеуі түйісетін шағын ауыл бар. Раякоски деп аталады. Ол әкімшілік басқару жағынан Мурманск облысына қарайды. Елді мекенде бүгінде бірнеше жүз адам ғана өмір сүреді. Егер осы ауылдан Финляндия шекарасын кесіп өтсеңіз, сағат тілін 60 минутқа, ал Норвегияға жол тартсаңыз, 120 минутқа кері жылжытуға тура келеді.

3 сағаттық белдеудің арасы 1 қадам

Уақыттың қадірін әсіресе Пәкістаннан Қытайға сапарлап барғандар жақсы түсінеді. Себебі шекарадан асқан азаматтар бірден 3 сағат жоғалтады. Ал Ауғанстаннан Қытайдың аумағына бір адым аттағандардың 3 жарым сағат уақыты ізім-ғайым болады. Әлемнің ешбір жерінде уақыт күрт өзгеретін мұндай ерекше орын жоқ.

Уақыт белдеуі ең көп ел

Жалпы Жер шары 24 сағат белдеуіне бөлінген. Соның тең жартысын алақандай Франция қолданады. Бірақ француздар табиғи уақытпен жүруге құлықты емес. Себебі уақыт айырмашылығы Еуропа елдерімен экономикалық байланыс орнатуына кедергі келтіретін көрінеді. Сондықтан сағат тілін Еуроодақтағы серіктестерімен сәйкес етіп, Гринвичтен бір сағат бұрынғы уақытты қолданысқа енгізген. Франциядан бөлек, мұндай қадамға барған тағы бірнеше мемлекет бар.