Техас штатында жарты миллион адам жарықсыз отыр

Аймақта қатты дауыл соғып, 7 адам қайтыс болған еді.

Жергілікті билік  электр желілерін ретке келтіру жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін дейді.

Ең көп зардап шеккен - Харрис округының тұрғындары.  Хьюстонда тазарту және электр бағаналарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Округтың басшысы Лина Идальгоның айтуынша, бұл апаттың салдары бірнеше аптаға созылуы ықтимал.

Лина Идальго, Харрис округының судьясы:

- Мұндай дауылды біз Харрис округында 1983 жылғы Алисия дауылынан кейін көрген емеспіз. 2008-ші жылы Айк дауылының өте қатты болғаны бәрінің есінде, бірақ ол осы жолғы дүлей  дауылға жетпейді. Біз жараланғандар бар екенін білеміз, бірақ нақты санын әлі  білмейміз.

Техастағы желдің жылдамдығы сағатына 160 шақырымға дейін жеткен. Ал Ұлттық метеорологиялық қызметтің мәліметінше алдағы күндері 32-38 градусқа дейін ыстық күтілуде. Оның үстіне бұл жердегі жоғары ылғалдылық  электр қуатынсыз қалған тұрғындарды әбден әбігерге салғалы тұр.

Есения Гусман, мейрамхана қызметкері:

- Біз шынымен не күтетінімізді білмейміз. Жұмыс орнымызда жарық жоқ және оны қашан беретіні де белгісіз. Әзірге күтудеміз, бізге ақшамызды төлей ме, төлемей ме расымен білмеймін.

Метеорологтар ыстықтан бөлек Хьюстон маңайында ауа сапасы да төмендейтіні туралы ескертулер таратқан. Техас, Луизиана штаттарында штормдар жүріп, оның соңы нөсер жауын, торнадо мен тасқынға ұласқан болатын.

Авторы: Айжан Сыдықова