Ипотека бойынша мөлшерлемесі ең төмен елдер

Ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесі ең төмен елдер үштігін Финляндия, Жапония, Швейцария құрайды.

Финляндияда тұрғын үй несиесінің жылдық пайызы 1,1-1,5 процент. Мұндағы шетелдіктер үшін де несиеге пәтер алу әлдеқайда тиімді. Олар үшін орташа пайыздық мөлшерлеме – 3-3,5 пайыз. Жапонияда тұрғын үй қымбат болғанымен, инфляция төмен деуге негіз бар. Ипотекалық несиелеудің орташа мөлшерлемесі 1,2%-ды құрайды. Ал Швейцарияда ипотекалық несие 100 жылға дейін беріледі, тіпті мұраға да қалдырылады. Мұнан кейін тізімді Люксембург пен Германия толықтырып тұр. Бұл елдерде тұрғын үй несиесінің жылдық мөлшерлемесі 3 пайыз.

Жылдық ипотекалық пайыз мөлшерлемесі ең төмен елдер:

Финляндия 1,1-1,5%

Жапония 1,2%

Швейцария 1,4-1,6%

Люксембург 3%

Германия 3%

Аргентинада керісінше, пайыздық мөлшерлеме өте жоғары. Мұндағы барлық коммерциялық банктердегі ұлттық орташа мөлшерлеме жылына 26-28%-ды құрайды. Сарапшылар мұндай динамиканы елдегі инфляция деңгейінің өсуімен байланыстырады. Мұнда қазір жылдық инфляция 300 пайызға таяған. Бірақ кейінгі 4 айда көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда төмендегені байқалады дейді. Соған қарамастан азық-түлік, тұрмыстық заттардың құны әлі аспандап тұр. Несиеге пәтер сатып алмақ былай тұрсын, оны жалдаудың өзі жергілікті халық үшін қалтаға ауыр салмақ салады. 

Сандра Болух, жергілікті тұрғын:

"Инфляция деңгейі төмендегенімен, күнкөріске қажеттінің бәрі қымбаттады. Көлік құны аспандап кетті, дизель отынының бағасы айтпаса да түсінікті. Қызмет құны, пәтер, ғимарат жалдау ақысы да өсті. Тіпті полиэтилен пакеттерінің бағасы көтерілді. осы себепті біздер, жұмыс берушілер, амалсыз қол астымыздағы қызметкерлердің айлығын көтеруге мәжбүрміз".

Америкалықтардың 72 пайызы жалақыдан жалақыға жығылып жетеді. Сол себепті олардың несие карталары бойынша қарызы тым өсіп кеткен. Нью-Йорк Федералды резервтік банкінің соңғы есебіне сәйкес, олардың қарызы 1,12 триллион долларды құрайды. Әсіресе, 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың мемлекетке берешегі көп. Олар несиені уақытылы алғанымен, банкке мерзімінде қайтармайды. Өйткені тапқаны тамақтан артылмайды. Бұған жалақының аздығы мен күнкөрістің қымбатшылығы әсер етіп отыр дейді сарапшылар.

Цитата

Тэд Россман, Bankrate компаниясының аға талдаушысы:

"Инфляция деңгейінің өсуі мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер америкалықтардың қарыз жүктемесінің артуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сол себепті бұл несие картасының қарызын өтеуді қиындатады."

Соңғы дерекке сәйкес, Америкада индекс бойынша инфляция деңгейі 3,4% құрап отыр. Былтыр осы кезеңде 4,9 процентті құраған. Сарапшылар алдағы бірнеше айда бұл көрсеткіштің мұнан да төмендейтінін болжап отыр.