Папуа-Жаңа Гвинеяға лай көшкінінен $128 млн шығын келді
Американың бірнеше штатында табиғат тосын мінез танытып, ондаған адам опат болды.
Әсіресе Техаста ахуал күрделі. Папуа-Жаңа Гвинеяда лай көшкінінен кейін құтқарушылар із-түзсіз кеткендерді іздестіріп жатыр. Ауғанстанда тасқын кезінде қонысынан айырылғандар шатыр тігіп, пана қылып отыр.
Техаста жауын құйып, жай түсті
АҚШ-тың Техас штатында қатты жел соғып, жұдырықтың көлеміндей бұршақ жауды. Артынша жауын құйып, жай түсті. Мұның салдарынан штатқа қарасты Вэлли-Вью қаласында 7 адам опат болды. Ал Хьюстонда тоқтаусыз жауған нөсерден кейін қаланы су басып, қозғалыс қиындаған. Электр сымдары үзіліп, 1 млн-нан астам үй жарықсыз қалды. Дауылдың қатты екпіні ағаштарды түп-тамырымен жойып, жолды жауып тастаған. Қолайсыз ауа райы Американың Кентукки, Арканзас, Оклахома штаттарында да тіркелді.
Герман Калиб, Даллас қаласының тұрғыны:
- Техаста ауа райы адам танығысыз. Қазір сынап бағанасы 37 градус жоғарыны көрсетіп тұрса, 20 минуттан кейін бұл температура бірден 20-ға түсуі мүмкін. Күні кеше ауа температурасы +15 градус болған, сәлден соң 37-ге дейін көтерілді де, артынша жаңбыр құйып кетті.
Лай көшкінінен $128 млн шығын келді
Папуа-Жаңа Гвинеяда лай көшкіні құрбандарының саны 2 мыңнан асты. 70 мың тұрғыны бар Энга провинциясының табиғат апатынан кейін түгі қалмаған. Аймаққа келген шығын 128 млн АҚШ долларын құрайды. Премьер-министр Джеймс Марапе Парламент палатасының кезекті жиынында осылай деп мәлімдеді. Ол елдегі ахуалды бұрын-соңды болмаған «алапат дағдарысқа» теңеп, үкіметтен аймақты қайта қалпына келтіру үшін жедел көмек көрсетуін сұрады. Қазір өңірде іздеу-құтқару бригадасы тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккен халыққа гуманитарлық көмек жеткізу үшін ұлттық апаттар орталығы БҰҰ-ын шұғыл қолдау көрсетуге шақырды.
Қонысынан айырылып, қолдан жасалған шатырды паналап жүр
Ауғанстанда алапат тасқыннан кейін тұрғындар қолдан жасалған шатырды паналауға мәжбүр. Табиғат апатынан соң Бағлан провинциясында ахуал әлі тұрақтала қоймаған. Бірақ билік аймақты қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтады.
Естеріңізде болса, мамыр айының басында Ауғанстанды су шайып, тасқыннан 330 адам опат болған. Ондаған кісі жарақат алып, тағы бірнешеуі із-түзсіз кеткен. Save the Children халықаралық қайырымдылық ұйымының мәліметінше, 200-ден астам үй бүлініп, 40 мыңға жуық бала қонысынан айырылған.
Ремал циклоны 16 адамның өмірін қиды
Үндістанның Манипур штатында қатты дауыл соғып, ағаштар түп-тамырымен жұлынып кетті. Мұның соңы жауын-шашынға ұласып, бөгет жұмысы істен шықты. Салдарынан аймақты су басып қалды. Табиғат апаты 16 адамның өмірін қиып, миллиондаған тұрғынның жарықсыз қалуына сеп болған. Синоптиктер: «Қолайсыз ауа райына Ремал циклоны әсер етті», – дейді. Апатты циклонның салдары көршілес Бангладешті де айналып өтпеді.
Авторы: Әсия Нұрлыбаева.