Трампқа қатысты сот отырысы аяқталды
АҚШ-та бұрынғы президент Дональд Трампқа қатысты сот процесі аяқталды.
Жақын арада қылмыстық іс бойынша алқабилер үкім шығаруы тиіс. Ал Алжир билігі Израильдің Газа секторындағы әрекеті үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесіне резолюция ұсынбақ.
Трампқа қатысты сот отырысы аяқталды
Нью-Йоркте АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа қатысты сот отырысы аяқталды. 1,5 айға созылған сот тыңдауында прокурорлар мен экс-президенттің адвокаттары негізгі куәгерлердің бәрін отырысқа шақырып, олардан жауап алды. Енді алқабилер үкім шығаруы тиіс. Трампты айыпты немесе айыпты емес деп тану үшін алқабилердің бірауыздан шешімі қажет. Десе де Трамп өзіне тағылған 34 айыптың ешқайсысы бойынша кінәсін мойындамады. Өз кезегінде прокурорлар Ақ үйдің бұрынғы басшысының заңға қайшы әрекетін растайтын көптеген дәлелдің барын алға тартып отыр.
Естеріңізде болса, 2016 жылғы президенттік сайлау қарсаңында Дональд Трампқа «порноактриса Сторми Дэниэлске берген төлемақыны сайлаушылардан жасыру үшін қаржы есебін бұрмалады» деген айып тағылған еді. Айыптаушы тараптың айтуынша, Трамп Стормиге берген 130 мың долларды заң қызметіне кеткен шығын ретінде көрсеткен.
Алжир Рафахтағы ахуал бойынша БҰҰ-на қарар ұсынады
Алжир Рафах қаласындағы әскери операцияны тоқтату мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының қауіпсіздік кеңесіне резолюция жобасын ұсынбақ. Бұл туралы осы елдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі мәлімдеді. Алжирдің мұндай қадамға баруына Израиль әскерінің Рафахтағы босқындар лагеріне жасаған шабуылы түрткі болды. Одан 45 палестиналық көз жұмған еді. Жалпы бұл шабуылды тек Алжир ғана айыптап отырған жоқ. Әлемнің бірқатар мемлекеті қатаң сынға алып, қарулы қақтығысты дереу тоқтатуды талап етіп жатыр.
Айта кетейік, ЦАХАЛ мамырдың басында Газа секторының оңтүстігінде әскери операция бастағалы 1 миллионға жуық палестиналық бас сауғалап, босып кетті.
Қымбатшылыққа қарсы шеру
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте жұрт тағы да шеруге шықты. Бұл жолы тұрғындар төтенше жағдайға арналған азық-түлік қоймалары алдына жиналып, ел бойынша тегін асханалар ашып, азық-түліктерді сонда жіберуді талап етті. Себебі соңғы кезде Аргентинада кедейлік кебін кигендер қатары тым көбейіп кеткен. Халық қымбатшылық қыспағында қалып қойғанын айтады. Мамырдың өзінде елдегі инфляция деңгейі 50%-ке жеткен. Ал жылдық инфляция 300% шамасында. Бұл – кейінгі 33 жылдағы рекордтық көрсеткіш.
Жанартау тағы атқылады
Индонезияда Ибу жанартауы қайта оянып, аспанға от пен күл шашып жатыр. Түтіні 6 шақырымға көтерілген. Осыған байланысты жанартауға жақын жатқан 7 ауылдың тұрғындары жаппай көшірілді. Ал ұшақтарға қауіптің қызыл коды жарияланды. Әзірге отты таудан зардап шеккендер мен қаза тапқандар жайлы ақпар жоқ.
Естеріңізде болса, былтыр Ибу 200-ден аса рет атқылап, әлемдегі ең белсенді жанартаулардың қатарына енген еді. Жалпы Индонезияда бүгінде 120-дан астам жанартау бар.