Айдың арғы бетінен топырақ алдыртқан Қытай

Қытай жерсерігі Айдың "жарық түспейтін қараңғы жағының жер бедерінен" алғаш рет сынама алды.

Ғарыш аппараты қазір топырақты, жерге алып келе жатыр. Бұл адамзат тарихында болмаған ғылыми жетістік. Миссия сәтті аяқталса, жер серігінің эволюциясы мен тарихына қатысты құпиялар ашылады.

Бұған дейін айдың қараңғы бөлігінен сынама алмақ түгілі, ешқандай техника жете алмаған. Ғарыш кемелері тек фото, видеоға түсірумен шектеліп келген еді. Тұңғыш рет Қытайдың Чанъэ-6 ғарыш кемесі жетті. Ол 3 мамыр күні Хайнань провинциясындағы ғарыш айлағынан ұшырылған болатын. Зонд айдың қараңғы бетіндегі Оңтүстік полюс Эйткен бассейніне 2-ші маусым күні қонды. Ғарыш аппараты сынаманы екі күнде жинап ай орбитасына қайта шықты. 

Фу Лицзя, қабысу механизімінің авторы:

- Орбиталық аппарат пен ғарыш кемесі сәтті қабысты. Топырақ сынамасы салынған контейнер зондқа тиелді. Бұл миссияның ең күрделі және жауапты кезеңі. Кеме тұрақты жұмыс істеп тұр. Енді ол айды 14 тәулік бойы айналып, жер атмосферасына еннетін ыңғайлы сәтті күтеді.

Жөнелтілген ғарыш кемесі толықтай роботтандырылған. Конструкторлар оны зерттеуге қажетті талдау механизмдерімен жарақтандырды. Робот модуль айдағы минерал құрамын ғана анықтап қоймайды. Сонымен қатар ай асты суларының бар-жоғын айқындап береді. Сарапшылардың айтуынша жүк жеткізілген соң айдың жаратылысы мен эволюциясына қатысты тың жаңалықтар ашылады. 

Ван Цюнь, бас конструктордың орынбасары:

- Айдың геологиялық жағдайына қатысты тың жаңалықтар күтіп тұр. Адамзат ай бетінің бедері, ортасы туралы біле алады. Сынамалар вакуумда сақталады. Жер атмосферасындағы түрлі факторлардың әсер етуінен сақтандыруға кепілдік беретін арнайы оқшаулау стандарты бар. Контейнерді азот толтырылған кеңістікте зертханада ашамыз. Оған жарық, сәуле, қоршаған ортадан ешнәрсе әсер етпеуі тиіс. 

Қытайдың ұлттық ғарыш басқармасының мәліметіне сәйкес жүкті жерге жеткізетін зонд атмосфераға енуге дайындық үстінде. Ол жерге 5000 шақырым қалғанда ғарыш кемесі орбиталық аппараттан ажырап жер атмосферасына енуге әрекет жасайды. Ғарыш кемесі Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолия автономдық ауданынан қонады деп жоспарланып отыр.

Руслан Бақытбекұлы