Мексиканың солтүстігін қуаңшылық жайлады

Мексика су қоймаларындағы тіршілік нәрі сарқылып, агросектор саласы қатты зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Әсіресе, Чиуауа штатында жағдай қиын. Мұндағы су қоймасының табаны көрініп жатыр, әбден кеуіп кеткен.

Егістік алқаптарын суғаруға су жетіспейді. Кей елді мекендерде тіршілік нәрінің тапшылығынан ірі қара қырылды. Шаруалар амалсыз малдарын сатуға кіріскен. Мексикада мұндай қуаңшылық соңғы рет осыдан 13 жыл бұрын болған екен.

Исмаэль Катано, шаруа:

- Шаруалардың көбі су мен азық жетіспеушілігінен сиырларынан біртіндеп құтылып жатыр. Биыл жауын-шашын болмады, соның кесірінен егін бітік шықпады. Азық жетіспей, мал қырылуда.

 

Солтүстік Қытайда сынап бағанасы 40° жетті

Ал Қытайдың солтүстігінде сынап бағанасы 40 градусқа дейін көтеріліп, тұрғындар әбден әбігерге түсті. Әсіресе, Шандунь провинциясында ыстықтың беті қайтар емес. Аймақта бірнеше күннен жалғасып жатқан аптапқа байланысты ел билігі қауіптің қызғылт деңгейін жариялады. Тұрғындарға аса қажеттілік болмаса тысқа шықпау ескертілді.