Азаматтық одақ Ақ үй әкімшілігін сотқа бермек
Америкалық азаматтық бостандықтарды қорғау одағы Байден әкімшілігін сотқа бермек.
Оған биліктің шекараны қатаңдату шаралары себеп, деп хабарлайды 24.kz.
АҚШ Президенті өткен аптада оңтүстік шекарадан заңсыз өтпек болғандар саны күніне 2 жарым мың адамнан асса, бірден депортациялауға мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды.
Заңсыз мигранттарға қатысты мәселе Байденнің 2021-ші жылы қызметіне кіріскен кезде берген уәдесіне байланысты туындап отыр. Ол уақытта Ақ үй қожайыны Дональд Трамп енгізген шектеулерді алып тастайтынын айтып сендірген. Енді Америкалық азаматтық бостандықтарды қорғау одағы Президент осы сертінде тұрмады деп сотқа шағымданбақ. Бірақ жаңа ереже шекараны жақындарынсыз жалғыз кесіп өткен балалар, адам саудасының құрбандары және денсаулықтарына зор қауіп төнгендерге пана беруге тыйым салмайды. Ішкі қауіпсіздік министрі Алехандро Майоркастың сөзінше, жарлық заңсыз иммиграцияны шектеуге септігін тигізеді.
Алехандро Майоркас, АҚШ ішкі қауіпсіздік министрі:
-Мен Азаматтық бостандықтарды қорғау одағына құрметпен қарағанмен, олармен келіспеймін. Себебі қазіргі әкімшіліктің қолға алып жатқан шаралары заңды. Бұл тек шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі емес. Ол мигранттарды контрабандашылардан қорғайды. Өйткені осындай қылмыстық топтардың адамдарды алдап арбауының соңы қайғылы оқиғаларға ұласқан жағдай өте көп.
Ал жаңа тәртіп бойынша алғашқы депортациялаулар өткен аптадағы сәрсенбіден басталды. Алайда бұл шара заңсыз мигранттардың елге ағылуын қаншалықты тоқтата алатыны белгісіз. Мексика билігі болса, бірнеше мемлекеттің ғана азаматтарын қайта қабылдауға келіскен. Ал Байден әкімшілігінің Эквадор немесе Үндістан сияқты алыс жатқан мемлекеттерден келген мигранттарды отандарына қайтаруға жеткілікті қаражаты да, дипломатиялық қолдауы да жоқ.
Қалай дегенмен өз елдеріндегі экономикалық қиындықтар мен зорлық-зомбылықтан бас сауғалап келген босқындар АҚШ-тан пана іздеуге үмітті. Бірақ жаңа шектеулерге байланысты аталған топқа жатқызылған мигранттар қатаңдатылған тексеруден өтетін болады.
Серхио Франко, Эквадорлық мигрант:
-Бізде АҚШ билігінен пана сұрауға дәлелдеріміз жеткілікті. Сондықтан өтінішімізді қарау кезінде мәселе туындамайды деп ойлаймын.
Техас губернаторы республикашыл Грег Эботт болса, Байденнің жаңа саясаты мигранттарды қорғай алмайды, керісінше шетелден бұдан да көп адамды заңсыз келуге итермелейді дейді. Ал америкалық арман қуып шекараны заңсыз кесіп өтіп келгендер жұмыс істеуге рұқсаттары болмағандықтан, қала көшелерінде күркелер тігіп, күнелтуге мәжбүр.
Авторы: Айжан Сыдықова