Газадағы қақтығыс қашан тоқтайды?
Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Газа секторындағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы қарар қабылдады, деп хабарлайды 24kz.
Осы құжатты ұсынған АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қазір жанжал аймағында жүр. Анклавқа Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гуманитарлық көмек жіберген.
Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің 14-і қарарды құптап дауыс берді. Тек Ресей ғана қалыс қалған. Қарарда оқ атуды біржола тоқтату, Израиль әскерін анклавтан шығару, кепілдегі адамдарды босату және Газа секторын қалпына келтіру жайы айтылған. Сондай-ақ бұған дейін қолдау таппай келген буферлі аймақ құру мәселесі оң шешімін тапты. Енді тараптар 6 апта ішінде бітімге келуге тиіс.
Рияд Мансұр, Палестинаның БҰҰ-дағы елшісі:
- Біз оқ атудың біржола тоқтағанын қалаймыз. Халқымызға гуманитарлық көмектің үздіксіз, жеткілікті түрде келгенін қалаймыз. Палестиналықтарды тұрған жерінен күштеп көшіруді біржола тоқтату керек! Басқа жаққа кетуге мәжбүр болған барлық тұрғындардың қайтып келуіне жағдай жасау қажет. Газа секторының аумағын Израильдің басқыншы күштерінің бақылауына беруге болмайды!
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Газа секторына ондаған жүк көлігімен гуманитарлық көмек жеткізді. Арасында дәрі-дәрмек, жанармай және шатырлар бар. Сарапшылар анклавта 2 аптаға ғана жететін жанармай қалғанын айтады. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі бойынша, қазір Газадағы 36 аурухананың 10-ы ғана жұмыс істеп тұр. Балалардың 80%-тен астамы тойып тамақ іше алмай, аштан бұратылып жүр.
Ая Новал, науқас:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына алғысым шексіз. Мен Израиль тастаған бомбаның кесірінен ауыр жарақат алдым. Дәрігерлер аяғымды кесіп тастады. Әрі бүкіл қабырғам сынған. Осылайша, мен мүгедек болып қалдым. Енді мені шетелге емге жібереді және аяғыма протез салып береді деген үмітім бар.
АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы қазір Таяу Шығыста жүр. Энтони Блинкен Израильдің премьер-министрімен кездесті. Бұл Блинкеннің қарулы қақтығыс басталған 7 қазаннан бергі 8-ші сапары. АҚШ-тың бас дипломаты осы аптада Иордания мен Катар билігімен де кездеспек. Әзірге келіссөздер ғана жүріп жатыр.
Ал Газадағы құрбандар қатары күн санап өсіп барады: 37084 адамға жеткен. Бұл қырғынға нақты қашан тоқтау болатыны әзірге белгісіз.
Авторы: Ернат Мелсұлы