Оңтүстік Кореяда 1,5 мыңға жуық қазақстандық білім алып жатыр

Президент Юн Сок Ёльдің Қазақстанға сапарын оңтүстік кореялықтар жіті бақылап отыр, деп хабарлайды 24.kz.

Қазақстандық студенттер қауымы жаңа жобалар мен келісімдер күтеді. Өйткені бұл олардың таңғы самал еліндегі алған білімдерін одан әрі шыңдауына сеп болмақ. Корея президенті Юн Сок Ёльдің Астанаға сапары басты назарда. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында Оңтүстік Кореяның Орталық Азия аймағына арналған стратегиясы жарияланды. Ол серіктестіктің 4 негізгі бағытын қамтиды: ресурс, дамуға қолдау, мәдени және халықтар арасындағы байланысты тереңдету.

Қазақстандықтарға жұмыс визаларын беру, машина жасау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Ержан Бижанов Юн Сок Ёльдің Астанаға сапарынан осындай үміт күтеді. Ол Орталық Азия елдерінен Кореяның Бірлік министрлігі грантын алған алғашқы зерттеуші. Ол оқитын институтта Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан үлгілі мемлекет ретінде айтылады. Ержан Бижановтың айтуынша, Астана екі Кореяның бірігуіне ықпал ете алады.

Ержан Бижанов, Солтүстік Кореяны зерттеу институтының магистранты:

- 1992-1998 жылдың аралығында бізде жалпы Солтүстік Кореяның елшілігі болды. Бірақ қаржылық мәселемен жабылып қалды. 2014-2018 жылдары біздің үкімет жаққа Солтүстік Кореядан қайтадан ашу бойынша ұсыныстар келді. Бірақ ұсыныстар келіссөздер өрбімей тоқтап қалды. Қазақстан мен Солтүстік Корея арасында елшілік қатынастар  тағы да жанданып жатса әрине, Қазақстан да екі елдің қосылуына әсер етеді деп ойлаймын.  

Корея президентінің сапарын Қазақстандық студенттер қауымдастығы да бақылап отыр. Қазір бұл бірлестіктің құрамында 1350-ден астам адам бар. Олар жоғары деңгейдегі келіссөздерден кейін Корея университеттерінде қазақстандықтардың саны арта түсеріне сенімді.

Асанәлі Әлмұратов, Седжон университетінің студенті:

- Ең алдымен, сіз күйзеліске қарсы тұруды үйренесіз. Өйткені мұнда бәсекелестік өте жоғары. Әрине тәртіпті талап етеді.

Еліміздің білім министрлігінің мәліметінше, Оңтүстік Кореяда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам адам білім алған. Қазіргі таңда Қазақстан ғалымдарының Кореяның үздік университеттерінде тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян