АҚШ-та қару лоббиі қауіпсіздіктен жоғары қойылды

АҚШ Жоғарғы соты жартылай автоматты винтовкаларды жылдам ататын қаруға айналдыратын құрылғыларға тыйымды алып тастады, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл шектеуді 2018 жылы Дональд Трамп елде қоғамдық орындарда қарулы шабуылдардың жиілеуіне байланысты енгізген. 2017 жылы Лас-Вегастағы концертте Стивен Пэддок есімді кісі жиналған жұртқа оқ жаудырып, 58 адам мерт болып, 500-ге жуығы жараланған еді. Іске төрелік еткен тоғыз судьяның алтысы Дональд Трамптың тұсында енгізілген тыйым заңсыз деп шешкен. Осылайша, олар Техас штатындағы қару-жарақ дүкенінің иесі әрі қарулануды жақтап жүрген құқық қорғаушы Майкл Каргилдің пайдасына шешім шығарған. Қалған либералды үш судья қарсы болғанымен, көпшілік дауыстың салмағы артты. Арнайы қосымшамен жасақталған автоматтың жылдамдығы артып, минутына 400-800 оқ ата алады. 2017 жылғы Лас-Вегастегі қанды оқиға кезінде осындай 12 қару қолданылып, айналдырған 11 минуттың ішінде мың оқ атылған. АҚШ-тағы ең ірі жаппай атыс куәгерлері Жоғарғы соттың мұндай шешіміне наразы.

Мариса Марано, 2017 жылғы Лас-Вегастегі оқиға куәгері:

- Ақылға қонымсыз, қару туралы заңнаманың дұрыс бағытта жұмыс істемейтіні мен үшін өте өкінішті. Ең өкініштісі, сіңілім екеуіміз көрген сұмдықты балаларымыздың көруі әбден мүмкін. Сол кездегі бір атыс осындай құралмен еліміздің тарихындағы ең ірі жаппай атысқа айналған. Бұл ақылға сыймайды. Соны ел болып  түсіне алмай жүргенімізге қынжыламын. Біздің Жоғарғы соттың мұны түсіне алмайтынына қынжыламын.

Бұл шешім саяси көзқарастардың да басты назарына ілікті. Конгресстегі демократтар оны сынға алса, республикашылар тыйым салу әу баста дұрыс болмағанын айтты. Жоғарғы соттағы консервативті судьялар жартылай автомат арнайы құрылғының көмегімен пулеметке айналмайды, өйткені бір басқанда тек бір рет атылады деген уәж айтып отыр.

Байрон Дональдс, конгрессмен:

- Көбейіп келе жатқан қару қоры АҚШ-та атыстарға әкелмейді. Атысқа әкелетін ататын адам. Мәселе құрылғыда емес. Бұл құрылғы қолдарында жарақаты бар, бірақ атумен айналысатын адамдарға арналған. Бұл олардың адамға оқ жаудырады деген емес. Ешқашан олай болмаған. Қару қолданған зорлық-зомбылық жағдайлардың барлығын демократтар саяси мақсатта пайдаланады. Ал шындығында біз Америкадағы жаппай атыстарды болдырмауымыз үшін бізге еліміздегі адамдардың психикалық денсаулығына қамқорлық жасап, жеткілікті көмек алатындарына көз жеткізуіміз керек.

Адам Шифф, конгрессмен:

- Өкінішке қарай бейтарап сот төрелігі мен бүкіл республикалық партияның  Ұлттық атыс қауымдастығының айтқандарына бағынуы тағыда кінәсіз адамдардың өмірлерінің қиюлуына әкеледі. Бұдан да көп адам құрбан болуына әкелетін тағы бір масқара шешім. 

Джо Байденнің сайлау компаниясы Сот балалар мен қоғам қауіпсіздігін емес, қару лоббиін жоғары қойды деп наразылық танытты. Ал либералды судья Соня Соттомайор бұл шешімге қарсылығын білдіріп, сотта құрылғының мағынасына емес физикалық жағына мән берілгенін алға тартты. Яғни арнайы қосымша салынған автомат пулемет болмағанымен, пулемет теңдес жылдамдықпен оқ жаудыра алатыны ескерілмеген дейді.

Авторы: Айжан Сыдықова