Өзбекстан биыл 11 млн шетелдік туристті қабылдамақ
Өзбекстан туризмді дамыту үшін елге танымал шетелдік блогерлерді тартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл іс елдің саяхат саласындағы әлеуетін дамытуға сеп болмақ. Оның аясында 1 қазанға дейін туристік бренд жайлы контент жасаушылардың арасында конкурс өтеді. Бұл бағыттағы істерге биыл 5 млн доллар қаражат бөлінеді. Көрші елдің туризм секторына инвестиция ағыны да артып келеді. Мемлекет оның көлемін 2 млрд долларға жеткізуге ниетті.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің таяудағы тапсырмасына сай 10 млн-нан астам аудиториясы бар 50 шетелдік блогер елге шақырылып, олар үшін тур ұйымдастырылады.
Бұған қоса, министрлік және тиісті ведомстволарға электрондық виза жүйесін жетілдіру, туристерге ыңғайлы мобильді қосымшаларды іске қосу міндеттелген. Жалпы туризм индустриясы – Өзбекстан экономикасының ең жылдам дамып келе жатқан әрі келешегі зор салалардың бірі. Елдегі туризм комитетінің мәліметінше, пандемиядан кейін туристік ағынның жылдық өсімі 20%-тен асып отыр. Былтыр бұл елге 6 миллионнан астам шетелдік саяхатшы келіп, туристік қызметтердің экспорты 2 млрд долларға жеткен. «Соның ішінде қазақстандық саяхатшылардың қарасы қалың», - дейді мамандар.
Умид Шадиев, Өзбекстан туризм комитетінің төрағасы:
- Қазақстаннан бізге көп саяхатшы келеді. Жалпы экономикалық ынтымақтастық ұйымы мемлекеттерінің нарқы біз үшін өте маңызды. Былтыр сол елдерден Өзбекстанға 5,5 млн турист аялдады. Оның басым бөлігі Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан. Көрсеткішті әлі де арттырғымыз келеді. Мәселен, тек Ташкент, Самарқан, Бұхара емес, Шахрисабзды осы бағытта дамытуға кірістік. Туристік саланы әртараптандыру саясаты осылай жүзеге асып жатыр.
Көршіміз көне қалалары мен ежелгі тарихын ұқыпты сақтап, пайда көзіне айналдырып келеді. Оған қоса, заманауи саяхат бағыттарын дамытуға ден қойған.