Түркияда мобильді интернет кеңінен таралған. LIVE
Осы интернет жылдамдығы елдердің экономикалық және әлеуметтік даму деңгейінің көрсеткішіне айналды.
Сол себепті халықты қолжетімді әрі жылдам интернетпен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Алдымен Түркия тұрғындарының интернетті қаншалықты қолданатыны жөнінде бірер ақпар беріп өтейік. Түркиядағы интернет инфрақұрылымы жақсы дамыған. Елдің статистика институтының тұрмыстық, ақпараттық технологияларды пайдалану сауалнамасының нәтижелері бойынша 2023 жылы үйден интернетке қолжетімді үй шаруашылықтарының үлесі өткен жылмен салыстырғанда 1,4%-ке өсіп, 95,5%-ке жетті. Интернетті пайдаланатын тұрғындардың көрсеткіші 87,1%-ті құрады. 16-74 жас тобындағы адамдардың интернетті пайдалану деңгейі 2022 жылы 85,0%, 2023 жылы 87,1%-ті құрады. Жынысы бойынша 2023 жылы интернетті пайдалану деңгейі ерлерде 90,9%, әйелдерде 83,3% болды. Түркия 2023 жылға қарай интернетті пайдалану көрсеткішін 83,4%-ке жеткізе отырып, әлемде 37-ші орынға тұрақтады.
Жалпы елдегі интернет жылдамдығына тоқталатын болсақ, әлемдегі осы ғаламтор жылдамдығының ең көп өлшенетін SpeedTest Global Index 2024 жылдың соңғы мамыр айындағы деректерге сәйкес Түркия 40,77 Мбит/с мобильді интернетімен 68, 44,21 Мбит/с кең жолақты қолжетімді интернетімен 111 орында тұр. Анкара мен Ыстамбұл мобильдік 46,39 және 45,24 Мбит/с 91ші және 93-ші орында. Ал кең жолақты қолжетімді интернетте Анкара 46,65 және Ыстанбұл 54,44 Мбит/с 128 және 118 орынға жайғасқанын айта кету керек. Кең жолақты интернет үлкен қалаларда кеңінен қолданылғанымен, ауылдық жерлерде жылдамдық пен қолжетімділікте біршама қиындық жиі кездеседі. Әсіресе шалғай жерлерде мобильді интернетке қол жеткізу – өте кең таралған және қолданылатын опция. Соңғы жылдары Түркияда интернет инфрақұрылымын жақсарту үшін айтарлықтай инвестиция жасалды және бұл процесс жалғасып жатыр. Әсіресе жекеменшік сектордың бұған үлесін айта кету керек. Мәселен, былтыр Түркия Республикасының 100 жылдық мерейтойына орай Түркияда Иш банкі «100 жылда 100 елді мекенге интернет» жобасы аясында осы 100 ауылда интернет инфрақұрылымын жасап берді. Жалпы Түркия халқының саны 85 млн-ға жуық. Оған елдегі шетелдіктер мен туристерді қосыңыз. Халықтың орналасуы жиі болғанымен, жер бедері тау мен тас. Мұны ескерсек, елдегі интернеттің қолжетімділігі көңіл көншітерлік. Жылдамдығын жаңа ғана айтып өттік. Қолданыс ақысы жылдамдығы мен операторға байланысты өзгеріп отырады. 1 шілдеден бастап интернет ақысы тағы да қымбаттамақ.