Әлем лудомания құрсауына шырмалған
Құмар ойындарына тәуелділік әлемде де артып барады.
Жер жүзінде 350 миллион адам лудоманиядан зардап шегіп отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі осындай. Құмар ойын әсіресе АҚШ, Германия, Канада және Қытайда табысты бизнеске айналған. Бұл елдерде миллиондаған адам осы бір індеттің шырмауынан шыға алмай жүр.
Лудомания бойынша көш бастап тұрған ел – АҚШ. Тұрғындардың 85 пайызы өмірінде кемі бір рет құмар ойын ойнаған. Ал 40 пайызы жылына бір мәрте ойынханаға бас сұғып тұрады екен. Мұнан бөлек, спорттық ойындарға ұтыс тігетіндер де көп. Ол әсіресе жастар арасында танымал. Мамандар елде ойынқұмарлық әдетке алкогольдік пен есірткіге тәуелділік қосылып, психикалық ауруға шалдыққандар саны артып барады дейді.
Германияда лудоманияға шектеу жоқ
Германияда лудоманияға шалдыққан миллионнан аса адам бар. Тағы 3 миллион тұрғында құмар ойынға тәуелділіктің алғашқы белгілері байқалған. Мұны соңғы зерттеулер көрсеткен. Өйткені мұнда түрлі онлайн-платформалар мен ойын автоматтары және казино қолжетімді. Ойынханалардың жарнамасы жер-жерде ілулі тұрады. Соған қарамастан заңсыз жұмыс істейтіндер кездеседі.
Михаэль Ризе, алдын ала көмек көрсету орталығының қызметкері:
"Германияда құмар ойындарды шектеу бойынша әр өңірдің ережесі әртүрлі. Сондықтан әр федералдық аумақтың басшылығы өз бетінше шешім қабылдайды. Мысалы, Берлинде ойынханалар мен букмекерлік кеңселер мектептен кемі 200 метр, ал бір-бірінен 500 метр қашықтықта орналасуы керек. Осы талапқа сай келмегендерінің біразы жабылды. Құмар ойнаушылар саны да едәуір азайды."
Қытай заңсыз ойынға қарсы күресті күшейтті
Қытайда құмар ойындар – табысты бизнес түрі. Негізі бұл елде құмар ойынға тыйым бар. Тек казино орталығы саналатын Макаода шектеу жоқ. Өз елінде ойнай алмаған тұрғындар шетелде ойынхана табалдырығын жиі тоздырады. Сыртқа шығарылған заңсыз капиталдың бестен бірі – құмар ойынның үлесіне тиесілі. Сондықтан Қытай билігі заңсыз онлайн-платформалармен күресті күшейткен.
Жапония жастары құмар ойын құрығына іліккен
Жапония халқы көше бұрыштарындағы ойын автоматтарына әуестеніп алған. Тұрғындардың 3,6 пайызында құмар ойынға тәуелділік бар. Әсіресе 15 пен 30 жас аралығындағылар лудоманияға байланған. Бұл өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсер етіп отыр. Кей жағдайда ойынға тәуелділік соңы қылмысқа әкеп соғып жатады.
Әсия Нұрлыбаева