Әлемдегі сөз бостандығы индексі
Әлемде бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз бостандығына қатысты ахуал нашарлап барады.
Журналистерге жасалатын шабуылдар жиілеген. Көп елде төртінші билік өкілдерінің қолайлы жұмыс істеуіне жағдай жасалмаған. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының өкілдері осылай дейді. Олардың құрған «Баспасөз бостандығы индексінде» биыл Скандинавия елдері үздік деп танылған.
Сөз бостандығына қатысты ахуал жақсара ма десек, керісінше жылдан жылға ушығып барады. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының өкілдері осылай дейді. Былтыр 36 мемлекет тәуелсіз журналистика жүргізу мүмкін емес деп танылған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Ұйым мамандарының айтуынша, тілшілер үшін әсіресе сайлауалды науқандар қауіпті. Өйткені саяси дода кезінде оларға зәбір көрсету оқиғалары жиілеп кетеді. Ал биыл әлемнің 60-тан аса елінде сайлау өту керек.
ЦИТАТА
Аня Остерхаус, «Шекарасыз тілшілер» ұйымының Германиядағы бөлімінің басшысы:
«БАҚ өкілдеріне қатысты зорлық-зомбылық деректерінің артуы - алаңдатарлық жағдай. Саяси науқандар кезінде дәл осы қызметкерлер халыққа ақпарат жеткізеді. Сондықтан демократиялық елдердің үкіметі тілшілерді қорғау үшін барын салуы керек».
Норвегияда бұқаралық ақпарат құралдары үшін ең қолайлы жағдай жасалған. Мемлекет "Баспасөз бостандығы индексінде" осымен сегізінші жыл қатарынан бірінші орында тұр. Үздік бестікте Дания, Швеция, Нидерланд пен Финдяндия бар. Оныншы орында Германия. Неміс елі алғашқы ондыққа кіргенімен, мұнда әлі атқарылатын шаруа көп дейді мамандар. Мысалы, қоғамдық-құқықтық телерадиокомпанияларды қаржыландыру көлемін арттыру керектігін айтады. 180 мемлекеттен құрылған рейтингтің соңында Иран, Солтүстік Корея, Ауғанстан, Сирия мен Эритрея тұр.
ЦИТАТА
Катарина Виктория Вайс, «Шекарасыз тілшілер» ұйымының германиядағы бөлімінің өкілі:
«Әлеуметтік желілер дамып, интернет мүмкіндіктері артқан сайын ақпарат алмасу жеңілдеп, сөз бостандығына қатысты ахуал жақсара ма деп ойлаған едік. Бірақ шындығында қателескенімізді түсініп отырмыз. Әлемде қарулы қақтығыстар саны артып барады. Салдарынан тілшілердің қазасы да көбейді».