Меккеде сынап бағанасы 50 градустан асады

Биыл Меккеге қажылығын өтеуге барғандар да аптап ыстыққа тап болды, деп хабарлайды 24KZ.

Сынап бағанасы 50 градустан асады. Сапар кезінде күннің ыстығын көтере алмай көз жұмғандар көп. Мыңдаған тұрғынның ауруы асқынып, емдеу мекемелеріне жатқызылды. Біздің елден барған 1 700 қажы да дәрігер көмегіне жүгінген.

Биыл қажылығын өтеу үшін қасиетті Меккеге 2 миллионға жуық адам барды. Сапардың ауыртпалығы өз алдына, оған аптап қосылып, келушілер біраз қиналды. 50 градус аптап ыстықтан зардап шеккендер саны 3 мыңнан асады. Оның ішінде мыңға жуық адам ыстыққа шыдамай көз жұмды. Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуына қарағанда, кей адамдар өзін жайсыз сезінгеніне қарамастан ауруханаларға бармаған. «Сондықтан қажылық кезінде қаза болғандар мен зардап шеккендердің нақты санын анықтау қиынға соғып отыр», – дейді. 

Джамиль Абуаленейн, Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

- Биыл 140 мыңнан астам науқас бақылауда болды. 3 мыңға тарта науқастың денсаулығында кінәрат бары анықталды. Мұнда келгендердің көбі күні бойы ашық аспан астында құлшылық еткенде күн өтіп, қалжыраған болу керек. Жүрек талмасы мен демікпеден қайтыс болғандар көп. Оның үстіне қажылыққа келгендердің басым бөлігі – қарт адамдар.

Ал қажылыққа кеткен отандастарымыз дін аман. Десе де 1 700-ден астам қазақстандық дәрігерге жүгінген. Көбі қан қысымының көтерілуі мен асқазан ішек ауруларына шағымданған.

Қайрат Бегенов, дәрігер:

- Барлығы дін аман. Өмірге қауіпті жағдайлар болған жоқ. Көбінесе қажылар күннің ыстығына, шаршағыштыққа, артериалды гипертензияға және жеңіл-желпі жарақатпен қаралды. 

Қазірде аталған науқастар толық бақылауда, жағдайлары бірқалыпты. «Одан бөлек, елімізден әкелінген дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті», – дейді дәрігер.

Айта кетейік, Қазақстан қажылық миссиясының құрамында 20 білікті медицина маманы бар. Олар күндіз-түні ем-дом шараларын жүргізіп жатыр.

Авторлары: Бауыржан Шамшат, Фариза Жанғанаева.