Дүниежүзінде әр минутта 2 адам жол апатынан опат болады

Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі.

Мамандар өлімге немесе ауыр дене жарақатына әкелген кез келген жол апатының алдын алуға болушы еді дейді. Өйткені жолдағы қайғылы оқиғалардың 94 пайызы адамдардың абайсыздығынан болады.

Жол-көлік оқиғасы әлемде өлім-жітімге себеп жағдайлардың арасында 8-ші орында екен. Қайғылы оқиғалардың көбі жүргізушілердің кінәсінен болады.

БҰҰ: Жылда 1,19 млн адам жолда ажал құшады

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, жыл сайын көлік апатынан 1 миллион 19 мың адам көз жұмады. Яғни күніне 3 200 кісі жол бойында ажал құшады. Дөңгелек астында жан тапсыратындардың әр бесіншісі – бала. Жалпы жылына 240 мың жас ұрпақ жол-көлік апатында қыршын кетеді. Сондай-ақ 50 миллион адам тірі қалса да, ауыр жарақат салдарынан өмір-бақи мүгедек болып қалады.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:
-
Жол-көлік оқиғалары – дөңгелек арқылы өлім тарататын індет сияқты қатерлі нәрсе. Жол-көлік апаты отбасыны негізгі асыраушысынан айырып, тұтас әулетті кедейліктің шыңырауына тастай алады. Мемлекеттер бірінші кезекте жолдарды жөндеуі керек.

Көбіне жол-көлік оқиғасынан оған кінәлі жүргізушілер емес, көлденең адамдар қазаға ұшырайды. Жазатайым жан тапсыратындардың 30 пайызы – жолаушылар, 23 пайызы – жаяу жүргіншілер, 21 пайызы – мотоцикл айдайтындар, 6 пайызы велосипед, ал 3 пайызы электрскутер мінгендер.

Өлім-жітім статистикасын аймақтарға бөлсек, мынадай көрсеткіштер шығады. Жолдағы қайғылы оқиғалардың 28 пайызы Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тиесілі. 25 пайызы Тынық мұхитының Батыс бөлігіне тән. Африка құрлығында 19, Солтүстік Америкада 12 пайыз. Ең төменгі көрсеткіш Жерорта теңізі және Еуропа аймағында екен – 5 пайыз.

Кедей елде көлік апаты көп

Экономикалық зардабына үңілсек. Жол-көлік оқиғаларынан орташа алғанда жалпы ішкі өнімнің 3 пайызы қысқарады. Бұл көптеген мемлекеттердің қорғаныс саласына бөлетін бюджет ақшасына тең көрсеткіш. Әлемдегі барлық көліктің 1 пайызы кедей елдерге тиесілі. Бірақ жол апатының өлімге әкелу мүмкіндігі дамыған мемлекеттерге қарағанда табысы төмен елдерде 3 есе жоғары.

Жол апатының негізгі себептері

Сарапшылардың айтуынша, жол апатына негізгі 3 себеп бар. Олар – жылдамдықты арттыру, мас күй көлік басқару және жүргізушінің басқа нәрсеге алаңдап, жолға қарамауы. Мәселен, АҚШ-та ішіп алған жүргізушілер жылда шамамен 14 мың адамды қағып өлтіреді екен.