100-ге келген журналист пен 9 жасар тілші

Журналист – қызығы да, шыжығы да көп мамандық.

Римде танымал тілші мен такси жүргізушісінің арасында жанжал туындады. Италиялық белгілі журналист Алессандро Чекки Паоне такси тоқтатқан екен. Бірақ тілшіні таныған такси жүргізушісі оны көлігіне отырғызбай қойған. Мұның себебін Ернат Мелсұлы айтып берсін.

Иә, Еуропадағы әріптесімізге таксистердің көбі наразы екен. Өйткені ол такси қызметіне берілетін лицензия бағасын көтеруді мәселе ретінде қозғап жүр екен.

Журналистің жұмысы жанқиярлықты талап етеді. Өзекті мәселе қозғаймын деп қоғам сынына ұшырайтын кездер аз болмайды. Әлемдегі ең қарт және ең жас тілшілер қай елде? Жалпы қазір дүние жүзінде қанша журналист бар?

Әлемде қанша журналист бар?

Әлемде "халықтың көзі, құлағы һәм тілі" болып жүрген қанша журналист бар?

Негізі олардың санын тап басып айту қиындау. Бірақ "Журналистердің халықаралық федерациясында" мынадай мәлімет бар. Дүниежүзінің 146 елінде 600 мыңнан астам медиа қызметкері жұмыс істейді. Кейбір дерек бойынша, олардың 57 пайызы – ер адамдар. Әлемдегі журналистердің 50 пайызы газет-журналда, 23 пайызы телеарнада, 17 пайызы радиода және 16 пайызы онлайн салада екен.

Журналистердің жұмысына жасанды интеллект араласа бастады

ХХІ ғасырды Цифрлық заман деп жатамыз. Журналистика саласы да технологиядан мақұрым емес.

Тілшілердің жұмысына жасанды интеллект араласа бастады. Лондонның Экономика мектебі әлемдегі 46 елдің медиа саласына жасанды зерде енгізілгенін айтады. Яғни олар мәтін жазады, хабар жүргізеді, тіпті оператор да бола алады. Біздің 24.KZ телеарнасында да студия операторлары жұмыс істеп жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды.

9 жасар тілші

Тура оқиға орнынан, тіпті қақтығыс алаңынан хабар тарататын әлемдегі ең жас журналист Газа секторында тұрады.

Ол – 9 жастағы Лама Әбу Жамус. Израиль әскері мен ХАМАС арасындағы қақтығыс басталған соң өрімдей қыздың отбасысы Газа қаласынан Рафахтағы босқындар лагеріне көшуге мәжбүр болған. Ол Газа секторындағы жағдай мен палестиналықтардың ауыр тұрмысын күнде жариялап жүр. Кәнігі тәуелсіз журналист сияқты стендап жасайды, сұқбат алады. Оның инстаграмына жазылған адамдар саны 900 мыңға жуықтап қалған.

Лама Әбу Жамус, тілші:

- Мен журналистиканы жақсы көремін. Маған камераға қарап сөйлеген, адамдармен тілдескен ұнайды. Біз Газа секторындағы соғыстың тоқтағанын қалаймыз. Тойып тамақ ішу, тыныш ұйықтау дегенді мүлде ұмыттық. Тезірек бейбітшілік орнаса екен! Үйіміз бен мектебімізге оралып, алаңсыз ойнағымыз келеді.

Әлемдегі ең қарт журналист

Ал әлі күнге дейін жұмыс істейтін әлемдегі ең егде журналист Израильде еңбектеніп жүр. Жасы биыл 5 қаңтарда жүзге толған.

Уолтер Бингам – Екінші дүниежүзілік соғыстың азабын тартқан, Холокост тауқыметін бастан кешірген тағдырлы тұлға. Қарттығына қарамастан ол еврей еліндегі Ұлттық радиода апталық хабар жүргізеді. Уолтер дүниежүзіндегі ең қарт журналист және ең ежелгі радиошоу жүргізушісі ретінде Гиннестің Рекордтар кітабына 2 рет енген. Бұл атамыз сегіз қырлы, бір сырлы екен. Ол – актер әрі бизнесмен. 2018 жылы, яғни 94 жасында парашютпен секіріп, ерлік жасаған.

Уолтер Бингам, журналист:

- Менің ұзақ жасауымның ешқандай құпиясы жоқ. Бар болғаны үнемі әрекет үстіндемін. Қол қусырып отырмаймын. Бір істі аяқтаған бетте бірден екіншісіне кірісемін. Әлі күнге дейін 2 радиостанцияда 2 түрлі подкаст жүргіземін. Өз студиям бар. Бұдан бөлек газет-журналдарға үнемі мақала жазамын.

Иә, ХХІ ғасырдың журналистикасы жас талғамайтын болды. Мектеп оқушысынан зейнеткерге дейін хабар тарата береді. Әрине бұл интернет, гаджеттер мен әлеуметтік желілердің заманауи жемісі.

Ернат Мелсұлы, 24.KZ