«Біз өзендерді ұмытып кеттік»
Қазақстан төрағалық еткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы биылғы жылды "Экология жылы" деп жариялағаны белгілі.
Қоршаған ортаны қорғау – қашанда өзекті мәселе. Мәселен, көршілес Ресейде былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда ластанған өзен-көлдер мен су көздерінің саны 62 пайызға өскен.
Біздің әлем адамзаттық деңгейдегі мәселелерге сергек қарайтын, тіпті шешу жолдарын ұсынатын белсенді адамдарға кенде емес.
Канадада өзендерді өлердей сүйетін ғалым қыз тұрады. Ал АҚШ-та пірәдарлар әлемдегі бейбітшілік үшін 3 ай бойы жаяу жүрді. Сондай-ақ Азияның ең бай адамы ақшасы жоқтығынан қосыла алмай жүрген 50 жас жұбайға үйлену тойын жасап берді.
Өзендерді сүйетін ғалым қыз
"Біз мұхиттар, теңіздер, көлдер туралы ғана ойлаймыз. Өмірдің өзегі – өзендерді мүлде ұмытып кеттік".
Бұл канадалық ғалым Джессика Дружконың жанайқайы. Батыс басылымдары "Ол жай ғана ғалым емес, тәуекелге бел буған батыр қыз" деп сипаттайды.
Джессика ұзындығы 3058 шақырымдық Әулие Лаврентия өзен жүйесін, 1271 шақырымдық Оттава және Ниагара өзенін қайықпен жүзіп өткен. Қазір жер жаннаты саналатын Швейцария дарияларын зерттеп жүр. Ол жай ғана жүзбей, өзендерге арнаулы сенсорлар орнатады. Осылайша зерттеуші судың жай-күйін 24 сағат бақылайды. Бұл құрылғылар өзеннің ластана бастағанын дер кезінде анықтайды. Әуелде механикалық инженерия бойынша магистр атанған Джессика кейін геоморфология, оның ішінде өзендердің құрылымын зерттеу үшін докторантураға түскен.
Джессика Дружко, геоморфолог:
- Менің ең басты қырым – мықты қайықшымын. Өзендерге деген махаббат мені бірнеше ғылым саласына алып келді. Гидродинамиканы, термодинамиканы терең зерттедім. Біз әлемдегі тұщы судың басым бөлігін беретін өзендерді назардан тыс қалдырдық. Қараусыз қалған дариялар ластанып, тартылып, жойылып жатыр. Мен жер бетіндегі барлық су көзіне оларды үнемі бақылауда ұстайтын құрылғылар орнатып, үлкен ғаламдық желі жасағым келеді.
Бейбітшілікке үндеген тақуалар
Бейбітшілік барлық адамды толғандырады. Бірақ тыныштықты талап етіп, ашық қарекет қылып жүргендер аз.
Америкалық бір топ тақуа 31 наурызда АҚШ-тың оңтүстігіндегі ең шеткі нүктесі – Ки-Уэсттен бастап Нью-Йорк қаласына дейінгі 3 мың шақырымдық аумақты жаяу жүріп өтті. Олар жүрген жерінде кездесулер өткізіп, әлемде бейбітшілік орнауын насихаттаған.
Белсенділер адамзат дінге, ұлтқа бөлінбей, тату-тәтті өмір сүруі керек дейді. Тақуалар "Біз 90 күн жаяу жүріп, бейбітшілікке үндедік, енді жер бетіндегі әр адам күніне тым құрығанда 90 секунд татулыққа үлес қосу туралы ойлансын" деген ұран тастады.
Сутсам Натитонт, пірәдар:
- Бейбітшілікті қамтамасыз ету президент пен үкіметтің ғана жұмысы емес. Тыныштықтың мәңгілік салтанат құруына барлық адам атсалысуы керек. Әлемдегі бейтішілік әр адамның өз әлеміндегі әдемі үйлесімнен бастау алуға тиіс.
Үнді миллиардері 50 жұптың тойын жасап берді
Үндістанның ғана емес, Азияның ең бай адамы Мукеш Амбани жағдайы жоқ 50 жұпты үйлендірді.
Жаппай үйлену тойы Мумбайда өткен. Миллиардер барлық шығынды өзі көтерді. Сүйгеніне қосылған жас жұбайлардың қуанышында шек жоқ.
Мукеш Амбани бұл қайырымдылық істі кенжесінің шаңырақ көтеру құрметіне жасаған. Оның ұлының тойы 12 шілдеге белгіленген. Азиядағы ең ауқатты адамның байлығы 121 миллиард доллардан асады.
Үнді миллиардерінің бұл қадамы "байыған сайын қалтырайтын" сараң байларға үлгі болса, қанекей.
Ернат Мелсұлы, 24.KZ