Кейбіреулер лудомания дертіне шалдыққанын мойындамай әлек
Әлемде жыл сайын миллиондаған адам лудоманиядан емделу үшін мамандардың көмегіне жүгінеді.
Алайда бұл дертті мойындамайтындар қаншама. Осыған алаңдаған жаһан елдері бірінен соң бірі лудоманияға қарсы күресті күшейтіп жатыр. Қоғамды жайлаған қауіпті дертке қарсы билік өкілдері нақты қандай шаралар қабылдады?
Германия
Германияда 2001 жылдан бері құмар ойынға тәуелділік ауру деп танылған. Сондықтан одан емделуге мемлекеттен ақша бөлінеді. Сенім телефоны мен анонимді қолдау тобы жұмыс істейді. Сондай-ақ мектеп оқушылары үшін ашық сабақтар өткізіледі, фильмдер шығарылады. Бұдан бөлек, лудоманиямен күрес мақсатында Германияның әр федералдық аймағы арнайы заң қабылдаған. Мысалы, Баварияда құмар ойын орталықтарына тек 21 жастан асқанда ғана баруға рұқсат етіледі. Ал Берлинде казинолардың арақашықтығы жарты шақырымнан кем болмауға және оқу орындарынан 200 метрге алыс орналасуға тиіс. Онлайн бәс тігу көлемі айына 1 мың еуродан аспауы керек. Сондай-ақ туыстары лудоманды "қара тізімге" қостыра алады. Айта кетейін, бүгінде Германияда лудоманияға шалдыққан миллионнан аса адам бар. Тағы 3 миллион тұрғында құмар ойынға тәуелділіктің алғашқы белгілері байқалған. Мұны соңғы зерттеулер көрсетіп отыр.
Қытай
Қытайда құмар ойынға мүлдем тыйым салынған. Лудоманияның дамуына жол бермеу үшін ел билігі заңсыз онлайн-платформалармен күресті күшейткен. Ресми мәлімет бойынша 2022 жылы трансшекаралық құмар ойындарға қатысты 80 мыңнан аса адам қамауға алынған. Капиталдың сыртқа жылыстауын болдырмау үшін бірқатар елдегі онлайн-операторлар қара тізімге енгізілді. Себебі 2021 жылы көрші мемлекетте онлайн ойындар нарығының көлемі 9 миллиард доллардан асып кеткен. 2027-жылы көрсеткіш 15 миллиардқа жетеді деген болжам бар.
Канада
YOUTUBE.COM/CITYNEWS
Канадада құмар ойын индустриясының жұмысын қадағалайтын бірыңғай заң жоқ. Әр провинцияның үкіметі мұны өзі реттейді. Мысалы, кей өңірде тұрғындар 18 жастан бастап ойнаса, енді бірінде тек 19-ға толғандарға ғана рұқсат етіледі. Бір айта кетерлігі елде құмар ойын ойнайтын әйел көп. Ал жасы 15-тен асқан тұрғындардың 2 пайызы лудоманияға шалдыққан.
Сингапур
Сингапурда құмар ойындар мәселесін шешу үшін Ұлттық кеңес құрылған. Ол 2005 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келеді. Аталған кеңес халық арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізеді, кеңес береді. лудоманияның алдын алу, оған шалдыққандар мен жақындарына ем көрсету бойынша шаралар да атқарады. Сонымен қатар, құмар ойындарға қатысты, зертеулер жүргізумен айналысады. Осы ретте сарапшылар Сингапурдың осы бағыттағы ісі әлем елдеріне үлгі болуы тиіс деп санайды. Себебі олар,,, адамның жеке басының жауапкершілігінен бөлек, мемлекет деңгейіндегі іс-шараларсыз лудомания мәселесін шешу мүмкін емес екенін алға тартады.