Әлемнің семіз балалары
Әлемде қазір артық салмақты адам саны 1 миллиардтан асады.
Жыл сайын 2 миллион 800 мыңдай адам көз жұмады. 2035 жылға қарай жер шарындағы халықтың жартысынан астамы, осы кеселден зардап шегуі мүмкін. Сарапшылар әсіресе бұл дерт, балалар арасында өршитінін айтады.
Иә, қазірде семіздік деңгейі 5-19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерде жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын көрсетеді. Оған әсер ететін фактор өте көп.
Жер бетінде семіз балалар көбейеді
2025 жылға дейін әлі мектепке бармаған 70 млн бала семіздікке шалдығады.
Денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, мұндай ауруға әкелуші факторлар – күнкөріс төмендігінің салдары, тағам қауіпсіздігінің болмауы мен ата-ананың білім деңгейімен байланыстырады. Сондай-ақ балалардың семіздігіне әсер ететін факторлар қатарында тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну бар. Балалардың 30,8 пайызы аптасына 4-7 рет тәтті сусын ішеді. Сондай-ақ экранға телмірген балалардың көбі тәулігіне 9 сағаттан аз ұйықтайды.
Францеско Бранка, ДДСҰ тамақ қауіпсіздігі департаментінің директоры:
- Кейінгі 30 жылда семіздік індет сияқты тез таралып жатыр. Бұл көрсеткіш әсіресе АҚШ, Қытай, сондай-ақ Тынық мұхиты және Оңтүстік Америка елдерінде өте жоғары. Мұның басты себебі тамақтануға байланысты. Қайта өңделетін тағам түрлері шамадан тыс көбейген. Оларда май, қант және тұз өте көп мөлшерде кездеседі. Әрі өте арзанға сатылады. Ал денсаулыққа пайдалы дұрыс тамақтың бағасы удай.
Семіздікке сапасыз тағам себеп
Ауру астан. Медицина мамандары семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбаудан дейді. Мәселен, қазір адамдар фаст-фудқа, яғни жылдам дайындалатын өнімдерге әуес. Оны әзірлеу мен сатып алу арасындағы уақыт 10-15 минуттан әрі аспайды. Мәселен, АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау және тамақтану орталығы келтірген статистикаға сүйенсек, АҚШ-та халықтың 36,6 пайызы, яғни 84,8 миллион адам күнде фаст-фуд жейді.
АҚШ-та семіздікке қарсы дәрі-дәрмекке сұраныс артқан
Кейінгі 4 жылда АҚШ-та жасөспірімдер арасында қант диабетіне қарсы әсері бар дәрі-дәрмекке сұраныс 600 пайызға артқан.
Әсіресе 12 жастан 18 жасқа дейінгі жеткіншектер арасында. Қазір АҚШ-та екінші типтегі семіздік пен қант диабеті бар 15 миллионға жуық жеткіншек бар. Артық салмақ қосып, семіздіктен зардап шегушілер аздыратын дәріге тәуелді. Американың дәріханаларында мұндай препараттар ашық сатылады. Дәрігерлер әзірге препараттың қаупі байқалмағанымен, оның жанама әсері барын жасырмайды. Жүрек айну, іш қату сияқты белгілерден кейін тұтынушы дәрі ішуді тоқтатады дейді.
Джойс Ли, Мичиган университетінің педиатр дәрігері:
- Біз 2020-2023 жылдар аралығында АҚШ-та балалар мен жасөспірімдерге сатылған препараттардың саны 59,4%-ға өскенін анықтадық. Олардың кері әсері бар-жоғын білу үшін дәріні тұтынған балаларды бір жыл бойы бақылауда ұстадық. Меніңше, оның қаншалықты қауіпті екенін анықтауға бір жыл жеткіліксіз. Ұзақ мерзімді бақылаудан кейін ғана нақты айта аламыз.
Артық салмаққа бас қатырмайтын елдер
Артық салмақ біреуге уайым, ал енді біреуге абырой. Мәселен, Мавритания, Науру, Таити жұрты үшін толық әйел – байлықтың, сұлулықтың символы іспеттес. Бұл елдерде қыз балаларға жастайынан, майлы сүт береді.
Науру аралындағы 14 мың тұрғынның 4 мың 500-і қант диабетіне шалдыққанына қарамастан, жергілікті халықтың түсінігінде семіздік алаңдатарлық дерт емес.
Ал Оңтүстік Кореяда толықша келген қыздарға, қоғам оң көзқараспен қарамайды. Жалпы елде дене бітіміне көңілі толмай, пластикалық операция жасататындардың көптігі содан.
Жалпы, семіздік – қант диабеті, созылмалы жүрек аурулары, қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін. Ал одан арылудың жолын препараттан іздеудің қажеті жоқ. Салмақ тастаудың бір ғана жолы – дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану дейді сарапшылар.
Фариза Жанғанаева, 24.KZ