Жер сілкінісін зерттеу жұмыстары күшейтілді. LIVE
Жер сілкінісі кезінде 50 мыңнан астам тұрғынынан айырылған Түркия былтырғы трагедиядан соң зерттеу жұмыстарын барынша күшейтті.
Елде бірқатар жобалар қолға алынды. Түркияда сейсмологиялық зерттеулер қандай деңгейде? Нақты қандай жұмыстар жасалып жатыр?
Түркия геологиялық құрылымына байланысты сейсмологиялық белсенді аймақта орналасқан. Осы себепті жер сілкінісін зерттеу мен дайындыққа үлкен мән беріледі. Олардың бір бөлігінің негізі сонау Османлы мемлекеті тұсында қаланған. Мысалы елдің басты Кандилли обсерваториясы және жер сілкінісін зерттеу институты 1800 жылдары құрылған. Ол Түркиядағы ең көне және ең танымал зерттеу орталығының бірі.
Бұдан бөлек, Ыстамбұлда Богазичи университетінде жер сілкінісінің мониторингін, сейсмологиялық зерттеулерді, жер сілкінісін болжауды, жер сілкінісі инженерлікті оқытатын обсерватория бар.
Сондай-ақ, ішкі істер министрлігі құрамындағы Апаттар және төтенше жағдайларды басқару төрағалығы да жер сілкіністері мен басқа да табиғи апаттар туралы зерттеулер жүргізеді.
Бұған қоса мемлекетте Түркия жер сілкінісі арнайы қоры бар. Ол халықтың зілзала туралы хабарын арттыру, түрлі зерттеулерді қолдаумен айналысады. Ал елдегі геологиялық инженерлер палатасы Түркияның геологиялық құрылымымен, жер сілкінісі қаупі бар аймақтармен және осы тақырыптағы зерттеулермен айналысады. Олар үлкен қалалардағы университеттерде жер сілкінісі инженериясына мамандандырылған зертханалар мен зерттеу топтарымен бірігіп жұмыс істейді.
Былтырғы Қаһраманмарашта болған жер сілкінісінен кейін елде жер сілкінісін зерттеу жұмыстарына көптеген гранттар бөлініп, ғылыми-зерттеу топтарының саны едәуір көбейді.
Мармара зілзала зерттеу орталығы директорының сөзінше, өкініштісі ғылым жер сілкінісінің қашан болатынын білмейді. Тек қана болжам жасайды. Соңғы уақыттарда озық технологияларды қолдану басталған
Женк Ялтарык, Мармара зілзала зерттеу орталығының директоры:
- Жер сілкінісінің шыққан нүктелерін арнайы лазерлі дрондар арқылы анықтауға тырысамыз. Бұл үшін біз геологиялық өлшемдерді, сейсмологиялық машиналардың деректерін және тарихи жазбаларды сараптап қолданамыз. Плиталардағы зілзалалар арасындағы уақытты белгілі ретпен қарастырамыз. Жылдар орташа есеппен жақын болса, осы уақыт аралығында тіркелуі мүмкін деп болжауға болады.
Сарапшылар жер сілкінісі ешқандай белгі бермей, аяқасты болуы ықтимал екенін айтады. Сол себепті адам баласы кез келген уақытта не нәрсеге болса да дайын болуымыз қажет деп кеңес береді. Яғни, үй және жұмыс орнындағы заттар қауіпсіз жағдайда орнатылуы тиіс.
Меруерт Қанағат, 24.KZ, Түркия