Грузияда кадр тапшылығы өзекті болып тұр

Грузияда білікті маман мен жұмыс күшінің тапшылығы бизнесті дамытуға кедергі.

Үкімет кәсіптік мектептерде студент қабылдауды арттырып, білім беру бағдарламаларын көбейткенімен кей мамандықтар бойынша бос орындар әлі көп. Енді жергілікті бизнес қауымдастық мамандарды қайта даярлау жобасын білім беру мекемелерімен бірігіп жүзеге асыруға шешім қабылдады.

Грузиядағы маман тапшылығы 2 жылдан бері өзектілігін жоймай келеді. Тіпті мәселенің ушыққаны байқалады. Маман жетіспеушілігі көрсеткіші 48-ден 67%-ға өскен. Мұнан бөлек, эмигранттар саны да артты. Мансап құрып, жақсы табыс табу мақсатында былтыр 163 мың тұрғын шекара асып кеткен. Ал елдегі әрбір төртінші жастың я жоғары білімі, я жұмысы жоқ.

Георгий Папава, ISET Халықаралық экономика мектебінің сарапшысы:

-Былтыр жастар арасында жұмыссыздық пен білім алу мәселесі шешілгенімен көрсеткіш әлі де жоғары. Жастардың шамамен 25%-ы қол қусырып отыр, ешқандай іспен айналыспайды. Еуропалық Одақта бұл статистика 11-12%-ға тең. Жастардың дені білім бағдарламаларына ілікпей, жұмыс таба алмаса, өзге мемлекеттен пана іздеуге тырысады.

Грузиядағы маман тапшылығы бизнесті дамытуға да кедергі. Сала тұралап қалмау үшін компания өкілдері Түркия, Әзербайжан және Украина сияқты елдерден білікті кадр тартуға мәжбүр. Халықаралық маңызы бар жолдар мен туннельдерді Қытай компаниясының мамандары салуда. Ал елде халықтың 15%-ы екі қолға бір күрек таба алмай әлек.

Леван Вепхвадзе, Грузия бизнес қауымдастығының атқарушы директоры:

-Машина жасау ісі, бөлшек сауда сияқты салаларда жұмыс күші жетіспейді. Көрсеткіш шамамен 10-15%-ды құрап отыр. Ал бизнеске білікті мамандар қажет. Сол себепті біз үкіметпен серіктестік орната отырып, кадрларды қайта даярлау бағдарламаларын жүзеге асырамыз деп шештік.

Кәсіби білім беру саласын жетілдіру үшін үкімет бизнес өкілдеріне кәсіби-техникалық колледждерді бірлесіп басқаруды ұсынды. Серіктестік аясында жергілікті білім министрлігіне 10-нан астам өтінім келіп түсті.

Әсия Нұрлыбаева, Юлия Тужилкина