Германияда ипотекамен үй алудың ерекшеліктері қандай?
Баспана – Германияда да ең өзекті мәселенің бірі. Немістің Hypoport AG финтех компаниясының есебіне сүйенсек, былтыр елде ипотекамен үй сатып алу мөлшері 5-7%-ке өскен, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы уақытта көрсеткіш одан әрі артады деген болжам бар. Осы тақырыпты зерттеп көрген Берлиндегі меншікті тілшіміз Ердана Ержанұлы бізге кеңірек баяндап беруге дайын. Қазір ол тікелей байланыста.
Диктор:
- Ердана, Германияда банктен несиеге үй сатып алудың қандай ерекшеліктері бар? Жалпы қазір бұл елдің экономикасының дамуы қалай ?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ашық дерекөздерге сүйенсек, Германияда соңғы жылдары ипотекамен пәтер алу ең оңтайлы тәсілдердің біріне айналған. Дештатис федералды статистика басқармасының мәліметінше, ел азаматтарының жартысының жеке үйі не пәтері бар. Баспаналы болғысы келетіндер қатары жыл сайын артып артып келеді. Алайда 2023 жылы берілген ипотекалық кредиттің мөлшері 2022 жылғымен салыстырғанда 10 млрд еуроға азайып, банктен несие рәсімдеп, пәтер алу біраз қиындай түскен. Бұған сарапшылар инфляция мен пайыздық мөлшерлеменің көтерілуі себеп деп отыр. Жалпы бұл елде ипотека алуда кредиттік тарих пен тұрақты жалақы басты факторлардың бірі саналады. Мен осы мәселеге қатысты Берлин тұрғындарымен сұхбаттасып көрген едім, соларды тыңдап көрейік.
Биргит Мартенс, қала тұрғыны:
- Германияда мемлекеттік қызметте болсаңыз, ипотекаға үй алу оңай. Банк қоятын басты талап – азаматтың тұрақты жалақысының болуы. Бұл үміткердің сенімді екенін білдіреді. Сондай-ақ басқа үлкен қарыздары болмағаны абзал.
Марк Табак, қала тұрғыны:
- Қазір инфляцияға байланысты адамдардың сатып алу қабілеті төмендеді. Үй сатып алуға адамдардың көбіне қалтасы көтере бермейді деп ойлаймын. Бұл Германияда ғана емес, Еуропаның көп елінде өзекті. Дағдарысты еңсеру үшін реформа жүргізу керек шығар.
Илона Табак, қала тұрғыны:
- Расымен де, біздің саяси жүйеге реформа қажет. Қазір төлейтін салығымыз тым көп. Жалақымыздың жартысы соған кетсе, ипотекаға үй қайдан болсын. Үкімет осы жағдайды ескеріп, тиісті шаралар қабылдаса дұрыс болар еді.
Блиц:
- Мен секілді жастарға осындай ірі қалалардан үй сатып алу түгілі, пәтер жалдаудың өзі қиын. Сондықтан ипотеканы жұмысқа орналасып, жақсы жалақы ала бастағанда қарастыратын шығармын. Оның өзінде де шамам пәтерді шағын қалалар мен ауылдардан ғана іздеуге жететін шығар. Қазір бағалар аспандап кетті ғой.
Иә, қымбатшылыққа Германия банктері талап ететін бастапқы салымды қосыңыз. Ол мұнда 25-30% көлемінде. Осы орайда өздерін маклер деп атайтын делдалдардың қызметін айта кеткен жөн. Олар ипотека алуға ниетті кісіге барлық банктердің ұсыныстарын салыстырып, азаматтың қалауына қарай ең арзан әрі қолжетімді нұсқаны жасап береді. Мысалы, «Интерхип», «Доктор Кляйн» сынды компаниялар ипотека алам дегендердің 40%-іне осылай көмектесетіндерін айтады. Алайда, сарапшылар қазір елде үй сататындар мен ипотека бергісі келетін банктер көп болғанымен, экономикалық ахуалдан үй сатып алғысы келетіндердің қарасы біршама азайған дейді.
Диктор:
- Ердана, қымбатшылыққа байланысты ипотека алудың қиындағанына қарап, Германия азаматтары үшін арнайы бағдарламалар, жеңілдетілген жобалар бар ма екен деген сұрақ ойға оралады. Бұл жағы қалай?
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Иә, мысалы өміріндегі алғашқы пәтерін алам дегендерге Kreditanstalt für Wiederaufbau бағдарламасы қарастырылған. 2021 жылы 70 мыңға жуық осындай кредит ипотека түрі берілген. 0.75%-тік жылдық мөлшерлемесі бар 100 мың еуроға дейінгі несие. Cалыстыру үшін айтайын, Берлиннің ортасындағы бір бөлмелі пәтердің құны 250 мыңнан 400 мың еуроға дейін барады. Газ, электр, жылу секілді энергия көздерін үнемдейтін үйлерді салуға да осыған ұқсас мөлшерде жеңілдік беріліп, ипотека ұсынылады. Сондай-ақ жас отбасыларға, кірісі аз жанұяларға да жеңілдіктер қарасытырлған. Пайыздық мөлшерлерме төмендетіліп, алғашқы салымға субсидиялар беріледі. Мұндай көмекті былтыр 220 мыңға жуық отбасы алған. Айта кетейін, үкіметтің осындай көмектерінен бөлек әр муниципалитет азаматтарға жеке қолдау көрсетуі ммүкін. Мысалы Мюнхенде 40 мың еуроға дейін субсидиялар беріледі. Мендегі бар ақпарат осы.