Амазония орманының жартысы жойылып кетуі мүмкін
Әлемде жыл сайын 10 миллион гектар орман алқабы жойылады.
Көбіне олар ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін оталады. Бұл – әсіресе Оңтүстік Америка мен Африка елдерінде жиі болатын жағдай. Былтырдың өзінде қос құрлықта Швейцария аумағына пара-пар тропикалық орман жойылып кеткен. Мамандар: «бұлай жалғаса берсе, жер шарындағы ну алқаптардың көбі шабылып, жоғалып кетуі мүмкін», – дейді.
Амазония орманының жартысы жойылып кетуі мүмкін
Былтыр әлемде минут сайын ауданы 10 футбол алаңындай орман алқабы оталған. Қазір де жағдай күрделі. Әсіресе мамандарды Индонезия, Бразилия мен Боливиядағы ахуал алаңдатып отыр. Себебі климаттың өзгеруінен соңғы екі ел аумағындағы нулы Амазония аймағының жартысының жойылып кету қаупі бар. Сарапшылар: «қуаңшылық салдарынан жер бетіндегі ең ірі тропикалық орман 2050 жылға таман саваннаға айналуы ғажап емес», – дейді.
Бразилия ормандарды қалпына келтіруге күш салып жатыр
Амазонияға жаһандық жылынудан бөлек, адамның іс-әрекеті де орасан зор зиян келтіріп жатыр. Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару кезінде шаруалардың осы аймақтағы ағаштарды кесіп, түрлі мақсатта пайдалану көбейді. 2022 жылдың алғашқы жартысының өзінде 4 мың шаршы шақырым орман оталып тасталады. Жағдай тек былтыр билікке солшыл Лула да Силва келген соң ғана өзгере бастады. Ол орманды қорғауды қатаң бақылауына алып, қалпына келтіру жұмыстарына пәрмен береді. Сөйтіп, саясаткердің батыл саясатының арқасында ағаштарды кесуден ауаға шығарылатын зиянды көмірқышқыл газы 250 миллион тоннаға азайған.
Қытай тәжірибесі көпке үлгі
2021 жылы климат жөніндегі конференцияда 145 мемлекет ормандардың оталуын болдырмаймыз деп тиісті келісімге қол қойған еді. Сарапшылар болса: «ну алқаптарды қорғауды күшейтпейінше, ондай жетістікке жетуіміз екіталай», – дейді. Десе де кей мемлекеттер бұл бағытта арнайы бағдарламалар қабылдап, түрлі шараны қолға алған. Оған мысал – Қытай. Шығысымыздағы көрші елде былтыр 4 миллион гектар аумаққа ағаш егіліп, тағы 4,5 миллион гектар жерді көгалдандыру басталды. Сарапшылар кейінгі 20 жылда жаһандағы жасылдандыру жұмыстарының төрттен бірі осы Қытайда жүргізілгенін айтады.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.