Италияда жасанды табан жасалды
Италияда жасанды табан жасап шығарылды.
Ғалымдар: «бұл протездеу ғана емес, роботтандыру саласындағы ірі жетістік болуы мүмкін», – дейді. Кенияда 3D-принтердің көмегімен басып шығарылған протездер сатылып жатыр. Олар басқаларынен 60%-ке арзан.
Италияда жасанды табан жасалды
Италиялық ғалымдардың ойлап тапқаны – бионикалық протез. Ол адам табанының анатомиялық құрылымын қайталайды. Қазір мұндай құралдар жалпақ келеді. Әрі ыңғайсыз. Ал титаннан жасалған жаңа протез өте иілгіш, су өткізбейді. Әрі жеп-жеңіл 500 грамдай ғана болады. Есесіне мың келіге дейінгі салмақты көтере алады. Жүріс кезінде барлық күш осы жасанды табанға тұтас түседі. Қазір протезді Германия мен Австриядағы науқастар тағып, сынақтан өткізіп жатыр. Ғалымдар оны медицинадан бөлек, адамға ұқсас роботтар жасауда да кеңінен қолдануға болатынын айтады.
Мануэль Каталано, зерттеуші:
- Адамдар жасанды табанды кез келген жағдайда қолдана алады. Мысалы, суда еш қиындықсыз қозғалуға болады немесе адамдардың қатынауы қиын жерде де көп пайдасы тиеді.
Кенияда протездерді 3D-принтерде басып шығарады
Ал Кенияда алғаш рет протездерді 3D-принтерде басып шығара бастады. Адамның қолын не аяғын смартфонға орнатылған арнайы бағдарламаның көмегімен сканерлейді. Сосын компьютерде протездің моделін жасайды да, 3D-принтерде басып шығарады. Құрылғылар басқаларына қарағанда әлдеқайда ыңғайлы. Оның үстіне бағасы да төмен. Мысалы, тізеге арналған кәдімгі протез шамамен 3,5 мың доллар тұрса, ал 3D-принтерде басып шығарылғаны – 1400 доллар. Өнертапыштар: «соңғысының басқа да артықшылықтары көп», – дейді.
Флориан Валлейс, Prothea Kenya компаниясының өкілі:
- Кәдімгі протезді жасау процесі бірнеше аптаға жалғасып кетуі мүмкін. Ал 3D-принтердің көмегімен оны, керек десеңіз, бірнеше сағаттың ішінде басып шығаруға болады. Демек науқас уақыт жоғалтпайды. Сапасы жоғары дүние қымбат болады дегенге үйреніп қалғанбыз. Ал біздің протездеріміздің бағасы да арзандау.
Ұлыбританияда эпилепсияны емдеудің тың тәсілі енгізілді
Ұлыбританияда ғалымдар эпилепсияны емдеудің тың әдісін енгізді. Олар алғаш рет электрлік стимуляторды адамның бас сүйегіне орнатқан. Бұрын оны кеудесіне орнататын. Енді құрылғы адамның миына жақын болады. «Тың әдістің алғашқы нәтижелері жаман емес», – дейді мамандар. 13 жастағы жеткіншектің талма оқиғалары 80%-ке азайған. Енді ғалымдар құрылғыны тағы 3 балаға қолданып көруді көздеп отыр.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.