Күннің ыстығынан жануарларды қалай қорғауға болады?

Аптап ыстықтан адамар ғана емес, жануарлар да көп зардап шегеді. «Ауа температурасының көтерілуі олар үшін тіптен қиын», - дейді ресейлік мамандар.

Мұндай жағдайда не істеу керек? Төрт аяқтыларды қалай қорғауға болады?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Төменгі Новгородтағы бұл орталықты 200-ге жуық ит-мысық паналайды. Қызметкерлер мынадай ми қайнатар ыстықта олардың алдына салқын су құйылған ыдыс қойып, аптаптан қорғануына барынша көмектеседі.

Виктория Лукина, қайырымдылық қорының өкілі:

- Иттердің салқындап алуы үшін мұз беру керек, не болмаса үстілеріне суық су құю қажет деген қате түсінік бар. Бірақ керісінше, олай жасауға болмайды. Бұл жануарлардың жүрек-қан айналымы жүйесіне зиянын тигізуі мүмкін. Иттің денесін салқын суға салынған сүлгімен сүрту керек.

Кейінгі күндері Мәскеудің мал дәрігерлік клиникаларына түсіп жатқан ит-мысық көп. Мына емханаға күн сайын 4-5 адам келіп, қолындағы жануарын көрсетеді. Күннің ыстығында, әсіресе, кішкентай иттерге қиын. Салмағы жеңіл болғасын, денесі тез қызады. Тұмсығы жалпақ төртаяқтылар да біраз әбігерге түседі. Өйткені тыныс алуы қиындайды. Қауіпті топқа жүрек-қан тамырлары жүйесі мен созылмалы аурулары бар жануарлар да кіреді. Оларға күн өтіп кеткенде, адамдыкіне ұқсас белгілер байқалады. Бірақ мамандар күннің ысуы ит-мысық үшін адамға қарағанда әлдеқайда қиын болатынын ескертеді.

Павел Артамонов, мәл дәрігері:

- Егер итіңізде не мысығыңызда дене қызуының көтерілуі, қозғалысының қиындауы, есінен тану, құсу секілді белгілер байқалса, бірден мал дәрігерлік клиникаға жеткізуіңіз керек. Ол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілуі тиіс. Созып жүріп алсаңыздар, үй жануарыңыз өліп кетуі мүмкін.

Десе де, мал дәрігерлері «күн ыстықта ит-мысықтарды далаға шығармай, үйде қамап қоюға да болмайды, тек оларды далаға ыңғайлы уақытта шығару қажет», дейді. Таңертең не кешке серуендеген жөн деп кеңес береді. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Сандуғаш Байқуаныш