Қытайда студенттерді баспанамен қамту қалай ұйымдастырылған?
Қытайда баспана – күрделі мәселенің бірі. Ал жоғары оқу орындарына түскен студенттерге берілетін жатақхана жайы әртүрлі деп хабарлайды 24kz.
Сапасына қарай бағасы. Бірақ өзге елдермен салыстырғанда қолжетімді саналады.
Диктор:
- Қазір осы елдегі меншікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлы тікелей байланыста. Руслан көрші мемлекетте миллиондаған студент білім алады. Оларды баспанамен қамту жағы қалай? Қалай ұйымдастырылған?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай Халық Республикасының білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елде 3 мыңнан астам колледж бен жоғары оқу орны бар. Көрші елде білім алғысы келетіндер жыл санап артып келеді. Сұранысқа қарай елде оқу орындарының саны да өскен.
Аспан асты елінде кейінгі 50 жылда жоғары оқу орындары мен колледждер саны 598-ден 3117-ге өсті.
Ал бұл білім ордаларында оқитын студенттер саны 147 мыңнан бастап ондаған миллионға дейін жетті. Оның ішінде 500 мыңдайы шетелдік студент. Бұл Тайвань, Гонконг, Макао сияқты арнайы әкімшілік аудандарын қоспағанда. Нақты сандар графикада көрсетілген. Бүгінде Қытайда 47 миллионға жуық студент білім алуда. Оның ішінде 4 мыңға жуығы қазақстандық түлектер.
Қытайдың заңына сәйкес, шетелдік студенттер елге кірген сәттен бастап 24 сағаттың ішінде қоғамдық қауіпсіздік мекемелеріне тұрғылықты мекенжайын хабарлауы тиіс. Оны ауыстырсаңыз да, дәл осы талап. Егер бұл ережені бұзсаңыз, айыппұл салынады. Сондықтан оқуға түскен соң ең алдымен баспананы реттеп алу маңызды. Негізгі шығындардың бірі де осы баспанамен байланысты. Бұл елде білім алсам дейтін студенттер осы жағдайды ескеру керек. Жалпы жатақхана орналасқан орны, жайлылығына қарай бағаланады. Оған өтінім беру шілденің аяғы мен тамыз айының басында жүргізіледі. Шетелдік студенттердің орналасуы өтінім беру, тіркелу, келісімшарт жасау сияқты бірнеше кезеңнен тұрады.
Ол үшін арнайы қызмет көрсету орталығына барып, оқуға түскендігі туралы құжат, паспорт, визалық анкета толтыру қажет. Содан кейін келісімшарт жасалады. Университеттердің басым көшілігінде бірнеше ай тұру үшін алдын ала төлем алынады. Яғни, бір айлық ақысын депозит ретінде алдын ала төлеу керек. Бұл қаражат оқу аяқталған соң кері қайтарылады. Мұның барлығы келісімшартта көрсетіледі. Жоғары оқу орны жанындағы жатақханаларда бұл жұмыстар жүйеленген. Жауапты тұлғалар уақытша тіркелу шараларын ереже шеңберінде үйлестіріп отырады. Ал тұрғын үй жалдап тұратын студенттер болса, тіркеуден өздері өтеді.
Қытай Халық Республикасының Білім бюросы жатақханада тұрып жатқан адам санын қатаң бақылауда ұстайды. Санатына қарай бір бөлмеде тұратын адамдар саны айқындалады. Жоғары оқу орындары мен колледждердің жатақханаларында бір бөлмеде тұратын адам саны 6-дан аспауы тиіс. Егер асқан жағдайда ережеге сай әр студентке 6 шаршы метрден кем емес орын бөлінуі тиіс. Жатақханаға кіріп-шығу, зат кіргізу, тазалық, тіпті тамақтану да қатаң қадағаланады. Тәртіпке бағынбай, ережені өрескел бұзған студент баспанадан ғана емес, оқудан да шығарулы мүмкін.