Израиль премьері Б. Нетаньяху Д. Байденмен кездесті
Израиль премьер-министрі АҚШ астанасына сапарлап, президент Джо Байден және вице-президент Камала Харриспен кездесті, деп хабарлайды 24KZ.
Вашингтонда өткен басқосуда талқыланған басты мәселе – Таяу Шығыстағы ахуал.
АҚШ президенті Джо Байден мен Израиль үкімет басшысы Биньямин Нетаньяхудың кездесуі Ақ үйде өтті. Қос ел басшысы медиа өкілдерінің алдына шығып амандасқан соң келіссөзді жабық форматта жалғастырды. Басқосуда басты тақырып Таяу Шығыстағы қақтығыс болды. АҚШ Израильге бітімгершілік келісімді қабыл алу керектігін алға тартқан.
Дегенмен бұқаралық ақпарат құралдарының назары Биньямин Нетаньяху мен АҚШ вице-президенті Камала Харристің кездесуінде болды. «Себебі Америкада сайлауалды науқан жүріп жатқандықтан, Харристің президенттікке үміткер ретінде Газадағы соғысқа қатысты ұстанымын білу сайлаушылар үшін өте маңызды», – дейді сарапшылар.
Камала Харрис, АҚШ вице-президенті:
- Соңғы 9 айда Газада болған оқиғалар жантүршігерлік деп ойлаймын. Бұл қайғылы жағдайларға көз жұмып қарап отыру мүмкін емес. Мұндай зорлық-зомбылыққа жол берілмеу керек және мен үнсіз қалмаймын.
Нетаньяхудың АҚШ Конгресіндегі сөйлеген сөзін сынға алып жатқандар да көп. «Израиль премьерінің Газаға күніне 40 мың тонна гуманитарлық жүк жеткізіліп, Рафахтағы әскери операциядан қаза тауып жатқан бейбіт тұрғын аз деп мәлімдеуі шындыққа жанаспайды», – дейді гуманитарлық ұйым өкілдері мен сарапшылар.
Халид Елджинди, Таяу Шығыс институтының зерттеушісі:
- Нетаньяху бітімгершілік туралы мүлдем тіл қатпады. Президент Байден мен оның әкімшілігінің өкілдері бұл мәселені талай мәрте көтерді. Ал Камала Харриске келетін болсақ, оның Израильге қатысты ұстанымы өзгеше деп ойлаймын.
АҚШ пен Израиль басшыларының кездесуіне наразылық білдірген америкалықтар да аз емес. Ақ үй алдына жиналған халықтың дені Палестинадағы құрбандарды еске алып, Израиль үкіметінің 9 ай бойы жасап келген әрекетін сынға алды. Мәселен, Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 7 қазаннан бері Израиль әскерінің соққыларынан 39 мыңнан аса палестиналық қаза тауып, 90 мың тұрғын жараланған. Қазір Нетаньяхудың сапары жалғасып жатыр. Осы аптада Израиль премьері АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамппен кездеседі.
Авторы: Талғат Алманов.